Жаңалықтар

Экс-дипломат Сәкен Мамаштың ісі полицияға қайтарылды

коллаж
Сәкен Мамаш ісі полицияға қайтарылды/коллаж kursiv.media

Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісінің кеңесшісі болған Сәкен Мамашқа қатысты іс «қинау» әрекеті бойынша сараланған. Бұл туралы ішкі істер министрлігі KursivMedia сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Сотқа дейінгі тергеуді Астананың Есіл ауданы полиция басқармасы қылмыстық кодекстің 110-бабы (қинау) бойынша жүргізіп жатыр.

2025 жылдың 18 сәуірінде қылмыстық іс айыптау актісімен бірге Астана прокуратурасына жолданған, алайда 27 наурызда қосымша тергеу жүргізу үшін полицияға қайтарылған. Бұған күдіктінің қорғаушысының өтініші себеп болған.

«Қылмыстық іс бойынша барлық қажетті тергеу жүргізілгеннен кейін тергеу нәтижесі бойынша іс Астана прокуратурасына жолданады», – делінген ІІМ берген ресми жауапта.

Бұған дейін БАҚ-та іс бойынша тергеу аяқталғаны туралы ақпарат тарады.

Айта кетейік, 2024 жылдың мамырында БАӘ-дегі қазақстандық дипломаттың әйелі 10 жыл бойы күйеуінен қорлық көргенін айтып, мемлекеттен көмек сұраған видео жариялады. Содан кейін Сәкен Мамаш шұғыл түрде елге қайтарылды.

2025 жылдың 4 сәуірінде Сәкен Мамаш қамауға алынды.