Lifestyle

Tesla көліктері қолжетімді болып келеді

Tesla көліктері Алматы мен Астанада көп сатылады/REUTERS/ALY SONG, бильд-редактор: Милош Муратовский
Tesla көліктері Алматы мен Астанада көп сатылады/REUTERS/ALY SONG, бильд-редактор: Милош Муратовский

Tesla көліктері қайталама нарықта көп ұсынысқа ие болып отыр. Әсіресе, Астана мен Алматы тұрғындарының қатты қызығатыны байқалады.

Осы екі қаланың тұрғындары Tesla көліктерін жиі алып, қайта сататыны аңғарылып отыр. Tesla көліктері Қазақстанда қолжетімді болып келеді. Әсіресе, мінілгендері.

Tesla Model Y

Мәселен, Tesla Model Y кроссоверлерінің құны – шыққан жылына, жүрісіне қарай 14, 5 миллион теңгеден (1 буыны) бастап 19,6 миллион теңгеге дейін. Осы үлгінің 2019 жылы шыққан седанына 10,7 миллион теңге деп баға қойылған.

Бұл көліктің арнайы Жапония, Еуропа, АҚШ және Қытай елдеріне арналған үлгілері бар. Осы үлгідегі кроссоверлер 2019 жылы таныстырылды. Көлемі жағынан седандардан 10 пайызға кеңірек. Оның басты ерекшелігі, жолға молырақ жарық түсіреді. Сыйымдылығы да үлкенірек.

Электромобильді қуаттаудың уақыты мен құнын есептегіші бар.

Tesla Model 3

Tesla Model 3 бағасы – 10,7 миллион теңгеден 20 миллион теңге аралығында. Толық қуаттаудан кейін 678 шақырым жол жүре аласыз. Сағатына 201 шақырым жылдамдықпен жүйіткуге қауқарлы. 2016 жылы Tesla Inc. Илон Масктің өзі бұл көлікті таныстырған еді. Америкалықтарға қатты ұнағаны соншалықты, бір тәуліктің ішінде 230 мың тапсырыс түсіп, 180 мың адам өтінім толтырған болатын. Бұған көліктің тартымды келбеті де, қарқынды сипаттамасы да ықпал еткені сөзсіз.

Highland жобасы деген танымал Tesla Model 3 жаңартылған нұсқасы 2023 жылы күзде таныстырылды. Көліктің іші де, сырты да өзгеріске түскені байқады.

Tesla Model S

Tesla Model S үлгісі бағасы салыстырмалы түрде құнын жоғалтпаған. 21-22 миллион теңгеге сатып алуға болады. Оның себебі де жоқ емес. Лифтбек F-классты, автомат қорабы бар көліктерде 670 аттың күші бар. Кейбірі 1 100 атты күшіне дейін жетеді.

Литий-йонды батареяларының сыйымдылығы  – 120.0 кВт/сағат. Небәрі 75 минуттың ішінде толық қуаттап алуға болады. Ол үшін Supercharger стансалары қажет. 837 шақырымға жүретін электр қорын жинай алады.

Қазақстанда Tesla-ның Шанхайда жасалған Long Range Dual Motor комплектациясынан бастап, Ұлыбританияда жасалған үлгілеріне дейін кездеседі.  

Көліктің қандай кемшіліктері бар?

Әрине,Tesla көліктерін мінсіз деп айта алмаймыз. 2023 жылы Tesla компаниясы қауіпсіздік белбеулеріндегі олқылықтарға байланысты 16 мың көлікті кері қайтаруға мәжбүр болды. Бұл зауыттан кеткен ақау 2021-2023 жылдары шыққан Model S және Model X көліктеріне қатысты еді. Қауіпсіздік белбеулері ажыратылған соң, қайтадан дұрыс бекітілмейді екен.

2024 жылы желтоқсанда дөңгелектеріндегі қысымды бақылау жүйесі сыр бергендіктен, компания 700 мың көлігін кері қайтарды.

Сондай-ақ, 2025 жылдың басында 239 мың автокөлікті жөндетуге жіберді.  Ол кезде артқы жағының камерасында түйткіл анықталған-ды.

Tesla тұзағы

Илон Маск Tesla-ны электромобиль саласында ең үздік компания жасаймын деп уәде бергенмен, үдеден шыға алмайтын түрі бар. Оған кінәлі – бұл жолы техникалық ақау емес.

СNN ақпаратына қарағанда, АҚШ-тың саясаты бұған тікелей ықпал етіп отыр. Tesla-ға Трамптың 25% импорттық тарифтері кері әсер етіп жатыр. Роботакси мен гуманоид роботтар  саласында да ілгерілеу аз. Uber және Google-дың Waymo қызметі Tesla-дан озып кеткен. Оның үстіне, қытайлық BYD секілді электромобиль өндірушілер Tesla-ға дес бермес бәсекелес бола бастады. Бұл жағдай ірі инветорларды қатты алаңдатып отыр.