Банк пен қаржы

Visa мен Mastercard-қа бәсеке болатын жаңа төлем жүйесі шыққалы жатыр

USDC стейблкоинымен жүзеге асатын жаңа төлем жүйесі әлемде төңкеріс жасай ала ма / фото: Reuters

Circle компаниясы сейсенбі күні жаңа төлем жүйесі мен трансшекаралық ақша аударымдарын іске қосады. Жүйе USDC стейблкоинымен жұмыс істейді. Ол Visa, Mastercard төлем жүйелеріне бәсекелес болады.

Кім, қайда, қашан: Visa жүйесін ығыстыра ала ма

Құны 60 млрд доллар тұратын USDC стейблкоинына ие Circle компаниясы «келесі бір қадамы іспеттес өнімін» 22 сәуірде таныстырады. Шара компанияның Нью-Йорк қаласында Дүниежүзілік сауда орталығы ғимаратының 87-қабатында орналасқан бас кеңсесінде өтеді.

CoinDesk мәліметінше, шара банктерге, қаржы технологияларына, төлем қызметтеріне, ақшау аудару провайлерлері мен USDC-тің стратегиялық әріптестеріне арналған. Онда Circle бас директоры Джереми Аллер стейблкоин-гигантының төлем жүйесі кеңістігіне жасаған қадамын түсіндіреді.

«Circle ақша аударымдарына арналған төлем жүйесін іске қосады. Бірақ оның түпкілікті мақсаты – Mastercard пен Visa жүйелеріне бәсеке болу», — дейді жаңа өніммен жақсы таныс дереккөз CoinDesk-ке.

Andreessen Horowitz венчурлық компаниясының болжамына қарағанда, стейблкоиндардың дамып кеткені соншалықты, мұндай технология WhatsApp-тың халықаралық байланыс саласын бір сәтте өзгертіп жібергеніндей, ғаламдық ақша аударымына да үлкен өзгеріс әкелуі мүмкін.

Стейблкоин деген не?

Мәліметтерге қарағанда, қазірдің өзінде USDC және USDT секілді стейблкоиндардың көмегімен миллиардтаған доллардың трансшекаралық төлемдері жүзеге асып жатыр.

Стейблкоиндар — бағамы долларға, еуроға немесе алтын унциясына байлаулы криптовалюталы токендер. Активтерін базалық бағамға байлауға ұмтылған компаниялар бағалы қағаздарды, ұлттық валюталарды немесе басқа да криптовалюталарды пайдаланады.

Стейблкоин нарығы АҚШ президенті Дональд Трамп екінші мәрте билікке келген уақытта жаңа кезеңге көтерілді. Өйткені Трамп криптонарықты реттеуді көздейтін жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, жұмыс тобы «заңды стейблкоиндерді дамыту» механизмдерін дайындайды.

Сәуірдің аяғындағы жағдай бойынша, ірі стейблкоиндарға Tether компаниясының USDT және Circle компаниясының USDC-і жатады. USDT капиталы – 144 млрд, USDC капиталы – 60 млрд доллар.