Жаңалықтар

Берденовтің шулы бастамалары мен мәлімдемелері

Берденовтың шулы бастамалары мен мәлімдемелері
Берденовтің шулы бастамалары мен мәлімдемелері/Фото: facebook.com/ruslan.berdenov

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қарулы шабуыл төңірегіндегі әңгіме көптің ойын сан-саққа жүгіртуде.

Алдымен қарулы шабуылға шенеунік күдіктінің әйеліне қырындағанынан кейін жасалғаны туралы ақпарат тарады.

Алайда Шымкент қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Айгерім Жұмақұлова шенеунік күдіктінің жұбайымен тілдескенін жоққа шығарды. Мұны оған әйелдің өзі айтқан.

Шабуылдың себебін бұдан өзге де факторлармен байланыстырып жатқандар көп.

Руслан Берденов қысқа уақытта өзіне қалай назар аудартты

Ол алдымен табысты кәсіпкерлік қызметтен костюм киіп, галстук таққан депутаттыққа ауысып, көптеген талқы тудырды.

Букмекерлермен күресі

Депуттаттық қызметінде әдетте артында үлкен ықпалды топтар тұратын салаларға байланысты шулы мәлімдемелер жасап, заң қабылдануына белсенді атсалысты.

Әсіресе букмекерлік кеңселермен қызу күрес жүргізді. Лудомандар мен құмар ойын нарығын шектеуді талап етіп, мінберлерден сөз сөйлеп, ашық сұхбаттар берді. Экс-мәжілісменнің құмар ойын бизнесіндегілермен текетіресінің соңы, сотқа дейін жетті. Қазақстан букмекерлік кеңселер қауымдастығы депутатты жалған ақпарат таратты деп айыптап, соңы азаматтық істің қозғалуына алып келді. Алайда сот Берденовтің пайдасына шешіліп, букмекерлер істе жеңіліп қалды.

Нашақорлыққа қарсы мәлімдемесі

Руслан Берденов мәжіліс қабырғасында да, былайғы өмірде де белсене көтерген мәселелерінің бірі – есірткі бизнесінің жолын кесу. Ол парламент мінберінен аталған салаларға қатысты төмендегідей ұсыныстар айтты:

  • есірткі зертханаларын анықтау;
  • шекара қызметін есірткіні анықтай алатын сапалы жабдықтармен қамтамасыз ету;
  • есірткі саудасы үшін пайдалантылатын интернет платформаларды бақылау;
  • есірткінің жаңа түрлерін анықтайтын заманауи сот сараптамасын тағайындау;
  • есірткіге қарсы үгіт-насихат жүргізу.

«Шымкентте мені құшақ жайып қарсы алмайтынын білем»

Руслан Берденов депутаттықтан түсіп, Шымкентке қызметке барар алдында Ulysmedia порталына берген сұхбатында оны туған жерінде де аяқтан шалуға тырысатындар, құшақ жая қарсы алмайтындар бар екенін айтқан. Ол мұндайға қалыпты қарайтынын, жұмыста сын да, мін де болатынын жақсы білетінін жеткізген.

«Әсіре ұлтшылдық өршіп барады»

Берденов сол сұхбатында аймақтарды жиі аралау барысында әсіре ұлтшылдық өршіп бара жатқанын, мұндайды қолдамайтынын айтқан. Ол тіл мәселесінде, көршілес елдермен қарым-қатынаста, түрлі интеграциялық серіктестіктер мәселесінде реалистік, байыпты көзқарас ұстану қажеттігін атап өткен.

Масылдық туралы сөзі

Берденов Қазақстан әлеуметтік салаға көп қаржы бөліп отырғанын, бұл елді дамытпайтынын айтады. Ол өзінің тұрмыстық жағдайы арқылы эмпатия тудырып, соны табысқа айналдырып отырған аналарды көргенін, масылдықтан құтылу керектігі туралы ой білдірген.

Руслан Берденовтың мұндай мәлімдемелері көпті бей-жай қалдырған емес. Бірі келіседі, бірі келіспейді. Оның сөздерін популизмге балап, жоғарыда аталған саяси күресін діншілдікпен байланыстыратындар да кездеседі.