
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке шабуыл жасаған күдікті туралы түрлі ақпарат тарап жатыр.
«Чиновник» телеграм арнасы күдіктінің аты-жөнін жариялап, ол әкімшілікке қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-де маман болып істегенін жазды.
Телеграм арнаның дерегінше, шенеунікке «Сайга-12» аңшы мылтығынан үш оқ атылған. Оның мұндай әрекетке баруына Берденовтің әйеліне қырындағаны себеп болған-мыс.
Енді бір деректе күдікті аталған компанияның басшысы екені айтылуда.
«Шабуылға құрылыс саласына қатысты мүдде қақтығысы себеп болған» делінеді тараған мәліметте.
Ал блогер Бейбіт Әлібеков Берденовке кейінгі кезде букмекерлік кеңселерге қарсы қызметіне қатысты қоқан-лоқы жасалғанын жазды.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қарулы шабуыл кеше әкімдік ғимараты жанында жасалған. Оған шұғыл ота жасаған дәрігерлер шенеуніктің өміріне қауіп төніп тұрмағанын мәлім етті.
Берденов еңбек жолын белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембайдың компаниясында бастап, өзі де бизнеске бет бұрған. Дәріхана, мейрамхана салаларында бизнесі бар. Екі жыл мәжілісте депутат болып, парламент өкілі ретінде букмекерлік кеңселерге қарсы күрес жүргізуімен көптің есінде қалды.