Жаңалықтар

Қарашығанақ кен орны операторына 739,5 млн теңге айыппұл салынды

Қарашығанақ кен орнының операторына айыппұл салынды / Фото: Kpo.kz, бильд-редактор: Милош Муратовский

Қарашығанақ кен орны операторына миллиондаған айыппұл салынды. Karachaganak Petroleum Operating B.V. қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін 739,5 млн теңге айыппұл арқалаған. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы хабарлады.

Мұнай компаниясы қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды бекітілген шектен артық төккен. Жалпы көлемі 264 тонна зиянды қалдық шығарылған.

«Осыған байланысты қадағалау актісі бойынша Компания ӘҚБтК-нің 328-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды (Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету, нормативтерін бұзу), жалпы сомасы 739 568 808 теңге айыппұл толығымен өндірілді», – делінген прокуратура хабарламасында.

1979 жылы ашылған Қарашығанақ – әлемдегі ең ірі мұнай-газ кен орындарының бірі. Кен орнының операторы – Karachaganak Petroleum Operating B.V компаниясы.

Қарашығанақ кен орны 1997 жылдан бері игеріліп келеді. Кен орнын игеру халықаралық консорциум арқылы қол қойылған әрі 40 жылға есептелген өнім бөлісу туралы келісім аясында ске асырылады.

Консорциум құрамына Shell (29,25%), Eni (29,25%), Chevron (18%), «Лукойл» (13,5%) және «ҚазМұнайГаз» (10%) кіреді. Компания былтыр ел бюджетіне 1,1 трлн теңге салық төлеген.