2024 жылы ел бюджетіне ең көп салық төлеген компаниялар белгілі болды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
салық
Қазақстан бюджетіне қандай компаниялар ең көп салық төледі / Фото: kursiv.media

Қаржы министрлігі 2024 жылы бюджетке ең көп салық төлеген компаниялар тізімін жариялады. Бұл тізімде ірі мұнай компаниялары көш бастап тұр.

Қазақстанның батысындағы Теңіз кен орынын игеріп жатқан «Теңізшевройл» компаниясы былтыр бюджетке 3 трлн теңге салық аударған.

Теңіз мұнай кеніші 1979 жылы ашылды. «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1993 жылы 6 сәуірде Қазақстан Республикасы мен «Шеврон» компаниясы арасында жасалған келісім негізінде құрылған. Қазіргі таңда «Шеврон» – 50%, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ – 20%, «ЭксонМобил Қазақстан Венчурс Инк.» – 25% және «Лукойл» – 5%-на иелік етеді.

Одан кейін «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В» қазақстандық филиалы келеді. Аталмыш компания қазынаға бір жылда 1,1 трлн теңге салық төлеген. Қарашығанақты игеру халықаралық консорциум арқылы 1997 жылы қол қойылған әрі 40 жылға есептелген өнім бөлісу туралы келісім аясында жүзеге асырылады. Консорциум құрамына Shell (29,25%), Eni (29,25%), Chevron (18%), «Лукойл» (13,5%) және «ҚазМұнайГаз» (10%) кіреді.

Үшінші орындағы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының төлеген салығы 304,5 млрд теңгені құрайды. Қытайлық CNPC пен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясына тиесілі «Маңғыстаумұнайгаз» батыстағы Қаламқас пен Жетібай кен орындарынан мұнай өндіреді.

Мұнай компанияларынан кейін «Қазақстанның Халық банкі» АҚ келеді. Банк былтыр бюджетке 259 млрд теңге салық аударған. Halyk Bank «АЛМЭКС» холдингі арқылы Тимур және Динара Құлыбаевтарға тиесілі. Құлыбаевтар акцияның  69,54%-ын иеленеді.

Ірі салық төлеушілер тізімінде 5-орында тұрған «Азия газ құбыры» компаниясы қазынаға аударған салығы 224,8 млрд теңгеге тең. «Азиялық Газқұбыры» ЖШС 2008 жылы Қазақстан мен Қытай үкіметі арасындағы келісім негізінде құрылған. Ол – тең үлестік негізде құрылған ортақ компания. Негізгі акционерлері – «QazaqGaz» АҚ (ҚР) және Trans-Asia Gas Pipeline Company Limited (ҚХР).

Ірі салық төлеушілер ондығына «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС (212 млрд теңге), «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» филиалы (210,7 млрд теңге, «Өзенмұнайгаз» АҚ (182,5 млрд теңге), «ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС (178,8 млрд теңге) және «Филип Моррис Қазақстан» ЖШС (167,8 млрд теңге) енген.

Тізімге үздік ондықтан кейін тұрған компаниялар төменде көрсетілген:

Дереккөз: Қаржы министрлігі

Сондай-ақ оқыңыз