Жаңалықтар

Екібастұздағы жаппай улану: мейрамхана иесіне қатысты сот үкімі шықты

Мейрамхана иесі бас бостандығын шектеу жазасына кесілген / shutterstock

Екібастұзда 1 жыл бұрын салатанатты шара кезінде мейрамханада тамақтанған азаматтар жаппай уланып ауруханаға түскен. Бір жыл өткенде бұл іске қатысты сот шешімі шықты. Мейрамхана иесі қоғамдық тамақтану саласында қызметпен айналысу құқынан айырылып, бас бостандығын шектеу жазасына кесілген. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Жайсыз оқиға 2024 жылдың сәуірінде болған. 14-16 сәуір аралығында Астана, Қарағанды, Павлодар және Екібастұз қалаларындағы медициналық мекемелерге әртүрлі тамақ улану белгілерімен 56 азамат жүгінген. Олардың барлығы Екібастұз қаласындағы мейрамханада өткен салтанатты шараға қатысқанын мәлімдеген. Бұдан кейін мейрамхана тексеріліп, тергеу жүргізілген. Нәтижесінде мейрамхана иесінің қоғамдық тамақтану орнында санитарлық нормаларды дұрыс сақтамағаны анықталған.

«Екібастұзда азаматтардың жаппай улануына байланысты дауға нүкте қойылды. Екібастұз қалалық сотының үкімімен кінәлі тұлға қоғамдық тамақтану саласында қызметпен айналысуға тыйым салынып, еркіндігін шектеу жазасына кесілді. Зардап шеккендер сот шешімімен қанағаттанды, тек мейрамхана иесі сот үкімін қайта қарау үшін шағымданды», – деп жазады баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек 26 наурыз күні Жамбыл облысындағы балабақшада 14 баланың тамақтан уланып, ауруханаға түскені туралы ақпарат тараған болатын.

Ал жал басында Жаңаөзенде балабақшаның 100 бүлдіршіні жаппай уланған еді.