
«Қазгидромет» дауылды ескерту жасады. Мекеме болжамына сәйкес, 22-25 сәуір аралығында ауа райы күрт нашарлап, қауіпті гидрометеорологиялық құбылыстар мен қар көшкіні қаупі артып, апатты жағдай көбеюі мүмкін. Сол себепті ТЖМ қазақстандықтарды сақтық танытуға шақырды.
Күн қатты ысиды
Бір қызығы, Қазақстанның кей өңірінде аптап ыстық күтілсе, кей өңірінде үсік жүруі мүмкін. Мәселен, батыс өңірлерде күн ысып, ауа райы бағамы 25-30 градусқа дейін көтеріледі деп күтіледі. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарында және Қызылорда облысында күн ысиды.
«Температуралық фонның жоғарылауы және жауын-шашынсыз ауа райы болжануына байланысты жоғары өрт қауіпі күтіледі», – деп хабарлайды «Қазгидромет».
Ал Түркістан облысы, Шымкент қаласында найзағайға байланысты өрт қаупі артатыны айтылады.
Үсік жүреді
Сонымен бірге Алматы облысының шығыс бөлігінде таулы жерлерінде үсік жүреді деп күтілуде.
«Алматы облысының оңтүстігінде, таулы аудандарында найзағай күтіледі. Жел оңтүстік-шығыс бағыттан оңтүстік-батыс бағытқа ауысады, күндіз облыстың оңтүстігінде, таулы аудандарында екпіні 15-20 м/с. Түнде облыстың шығысында, тау етегіндегі аудандарында топырақ бетінде 1 градус үсік күтіледі», – делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен бірге елдің Шығыс өңірлерінде де күн суытады. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысында жаңбыр аралас қар жауады. Ал Абай облысында күн күркіреп, найзағай ойнап, тұман күтіледі. Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары мен Астанада да жел күшейіп, найзағай ойнайды және тұман түседі.
Өзендерде су деңгейі көтеріледі
ТЖМ мәліметінше, Ақмола облысының Каменный Карьер ауылы жанындағы Есіл өзенінің гидрологиялық бекетінде су деңгейі көтеріліп, қауіпті деңгейге жеткен. Өзен суы 2 сағат сайын 4 см көтеріліп жатқаны хабарланады. Өзіннің қауіпті деңгейі 808 см, ал қазіргі уақытта су деңгейі 809 см болған.
«Есіл өзеннің бүйірлік және орта ағысынан еріген қар суы ағынының жету әсерінен өзендегі су деңгейі көтерілді. Су деңгейі одан әрі көтерілуі күтілуде», – делінген баспасөз хабарламасында.
Су деңгейінің көтерілгеніне байланысты елдімекендерді су басу жағдайы тіркелмеген.
Бұдан бөлек Петропавл қаласында да Есіл өзенінің деңгейі көтеріліп, 1056 см жеткен. Су 1100 см асқандай елдімекендерге қауіп төндіруі мүмкін.
«Көрсетілген деңгейге жеткен жағдайда Заречный ауылының кейбір ғимарраттарын су басуы мүмкін. Сергеев су қоймасы бөгетінің қырынан асып төгілуіне байланысты су деңгейі көтерілді. Су деңгейінің одан әрі көтерілуі күтілуде», – деп болжайды гидрология департаменті.
Сонымен бірге қарлы жауынға байланысты 21-24 сәуір аралығында ШҚО-да да өзендер арнасынан шығуы мүмкін.