
2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 13 891 шетел азаматы еңбек етеді. Олардың дені – қытайлықтар. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, еңбек мигранттары келетін негізгі елдер мыналар: Қытай – 4 885 адам, Өзбекстан – 1 614 адам, Түркия – 1 124 адам, Үндістан – 1 150 адам.
Шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар:
Біріншісі, басшылар мен олардың орынбасарлары. Олар үшін 570 рұқсат берілген.
Екіншісі, құрылымдық бөлімшелердің басшылары, 2 439 рұқсат берілді.
Тартылған шетелдік жұмыс күшін негізгі бөлігі – үшінші санат. Оларға мамандар мен жатады. Қазір 4 541 маман жұмыс істеп жүр.
Төртінші санатта – білікті жұмысшылар. Олардың саны – 1023 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 709 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 609 адам тартылды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 768 жұмыс беруші бар. Оларда 376 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді. Бұл – қызметкерлердің жалпы санының 96,4%-ы.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтін – құрылыс саласы. Онда 5 131 адам еңбек етеді. Ал ауыл, орман және балық шаруашылығында – 1 695 адам, тау-кен өнеркәсібінде және карьерлерді қазуда – 1 351 адам, өңдеу өнеркәсібінде 1 232 адам бар.
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2025 жылы жалпы квота еліміздегі жұмыс күшінің санына қатысты 0,2% немесе 14,8 мың бірлік мөлшерінде белгіленген. Ал осы жылдың наурыз айынан бастап жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне байланысты министрдің бұйрығымен 16,5 мың бірлікке дейін ұлғайтылды.