
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы 2024 жыл үшін акционерлеріне 327,9 мрд теңге дивиденд төлеуі мүмкін. Компания директорлар кеңесінің ұсынысы ресми сайтында жарияланған. Нақты шешім акционерлердің 27 мамырда өтетін жалпы жиналысында қабылданады.
Аудиттен өткен қаржы көрсеткіштеріне сүйене отырып, компания бір қарапайым акцияға (бір GDR – бір жай акцияға тең) 1 264,12 теңге көлемінде дивиденд төлеуді ұсынды.
Ұсынылған дивиденд мөлшері компанияның қолданыстағы дивиденд саясатына сәйкес, еркін ақша ағынының 75%-ынқұрайды.
Дивиденд төлеу 2025 жылғы 17 шілдеде басталады. Дивиденд алуға құқылы тұлғалар 2025 жылғы 16 шілдеде акционерлер тізімінде тіркелуі тиіс.
2024 жылы «Қазатомөнеркәсіптің» таза табысы 1,13 трлн теңгені құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда екі есе артық.
Бұған дейін компания Қазақстанда уран өндірісі 2023 жылғы 21 112 тоннадан 2024 жылы 23 270 тоннаға дейін яғни 10%-ға артқанын хабарлаған болатын.