Жаңалықтар

Шымкентте оққа ұшқан Берденовтің жағдайы қалай?

Руслан Берденовтің
Руслан Берденовтің жағдайы орташа ауыр деп бағаланады / Фото: Болатбек Әлиевтің фейсбуктағы парақшасынан

Бірнеше күн бұрын оққа ұшқан Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің қазіргі жағдайы орташа ауыр деп бағаланады. Бұл туралы депутат Болатбек Әлиев хабарлады.

«Бүгін тәңертең Шымкент қаласының ауруханасында жатқан Руслан Берденовке арнайы ұшып келдім. Қазіргі жағдайы – орташа ауыр, реанимацияда. Сана-сезімі анық, сөйлесіп жатыр, жігерлі. Барша әріптестерден, достарымыздан сәлем айттым. Нағыз азамат. Жарайсың, Руслан!» – деп жазды депутат өзінің фейсбуктегі парақшасында.

Берденовтің жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отырғанын Бейбіт Әлібеков те растады. «Русланның жағдайы орташа ауыр, бірақ тұрақты деп бағаланады. Жақында алматылық дәрігерлермен консилиум болады. Тек позитивті көңіл-күйде болайық», – деп жазды блогер.

Оқиғаның мән-жайы

21 сәуір күні кешке, Шымкент әкімдігінің алдында атыс болып, әкімнің орынбасары Руслан Берденовтің оққа ұшқаны туралы хабар тарады. Оны атқан күдікті оқиға орнында ұсталып, полиция қылмыстық іс қозғады. БАҚ-та тараған ақпаратта күдіктінің «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-де істейтіні туралы айтылды.

23 сәуір күні Шымкент әкімдігі оқыс оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасап, бұл мәселеде Шымкент әкімінің не себепті үнсіз қалғанын түсіндірді. Шымкент әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек оқиға болған күні әкімнің де жұмыс орнында болғанын, операция аяқталғанша әкіммен бірге әкімдік аппаратының барлық басшылары ауруханада болғанын айтты. Сондай-ақ тергеуге кедергі келтірмес үшін ешқандай мәлімдеме жасамағанын атап өтті.