
Осы жылы «Самұрық-Қазына» қоры отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларын күшейтіп жатыр. Былтыр қазақстандық кәсіпкерлермен жасаған келісімшарт көлемі 1,1 трлн теңге болса, 2025 жылы оны 1,4 трлн теңгеге дейін арттыру жоспарлап отыр. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов пен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры директорлар кеңесінің кездесуінде айтылды.
Қор басшылығы экономиканың басым салаларындағы жалпы сомасы шамамен 36,4 трлн теңгені құрайтын инвестициялық 46 ірі жоба туралы баяндады. Қазір «Полиэтилен өндірісі», күкірт қышқылы зауыты және «Мойынты – Қызылжар» теміржол желісі, Жаңаөзен қаласындағы газ өңдеу зауыты, сондай-ақ «Шу», «Жамбыл», «Шымкент» қосалқы стансаларында электр желісін нығайту шеңберінде құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.
Нұрлан Жақыповтың айтуынша, 2025 жылдың соңына дейін Алматы қаласын айналып өтетін айналма теміржол желісі, Ақтау порты базасындағы контейнерлік хаб, «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ Кендірлідегі су тұщыту зауыты сияқты инфрақұрылымдық нысандарды, Caspi Bitum зауытын кеңейтіп, Павлодар мұнай-химия зауытында дизель отынын гидротазарту қондырғысын пайдалануға бермекші.
2024 жылы «Самұрық-Қазынаның» таза пайдасы 1,79 трлн теңгені құраған. Бірақ биыл бұл көрсеткіш нашарлауы мүмкін. Қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов сөзінше, таза пайда 1,44 трлн теңгеге дейін төмендеуі мүмкін.