Биткоин Google-ды басып озып, әлемдегі бесінші активке айналды

Биткоин капиталы 1,86 трлн долларға жетті. Соның арқасында ол Google-дың өзін артта қалдырып, көлемі жағынан әлемдегі бесінші ірі активке айналды.
CoinDesk мәліметінше, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы шиеленісіп тұрған уақытта технология саласына жол ашылып, биткоин 94 мың долларға дейін қымбаттады. Ол тіпті Nasdaq-тың өзін басып озды.
BTC-дің нарықтағы бағасы кезінде 2 трлн доллардан асқан күндер болған. Ол кезде биткоин 109 мың доллар тұратын. Бірақ соның өзінде BTC алғаш рет капиталы жөнінен бесінші орынға көтеріліп отыр. Өйткені биткоин шарықтап тұрған уақытта технологиялық компания акциялары да қазіргіге қарағанда әлдеқайда қымбат еді.
Нарық капиталы жөніндегі активтер бойынша алтын қорына әзірге ешкім жақындай алмайды. Gold активі 22,3 трлн долларға бағаланды.
Одан кейінгі орындарға Apple (3 трлн доллар), Microsoft (2,7 трлн) және NVIDIA (2,4 трлн) алыптары орналасқан. Алтыншы орынғы ығысқан Google (Alphabet) активі 1,85 трлн деп бағаланды.