Жаңалықтар

Қанат Бозымбаев Семей орманындағы өртке қарсы жұмыстарды тексерді

Қанат Бозымбаев Семей орманында өртке қарсы жұмыстарды тексерді / фото: primeminister.kz

ҚР премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Абай облысына жұмыс сапарымен барып, «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы өрт қауіпсіздігі шараларының орындалу барысымен танысты.

Сапар аясында вице-премьер өрттен зардап шеккен аумақтарды аралады. 2025 жылы өрт қаупі жоғары маусым басталғалы бері мемлекеттік орман қоры аумағында 5 өрт оқиғасы тіркеліп, жалпы 1040,49 гектар жерді от шарпыған. Соның ішінде 277,8 гектар орманмен көмкерілген, ал қалпына келтіруді қажет ететін аумақ көлемі — 36 гектар.

Орманды қалпына келтіру үшін резерват аумағында 2,8 мың гектар жерге 9 миллионнан аса қарағай көшеті отырғызылды. 2025 жылы қосымша 4,8 мың гектар алқапқа ағаш отырғызу жоспарланған.

Тексеру қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев орман және оған іргелес аумақтардағы минералдандырылған өртке қарсы жолақтардың енін кеңейтуді тапсырды.

Сапар барысында вице-премьер Бесқарағай ауданына қарасты Батпаев орман шаруашылығына барып, орман қорғау қызметкерлеріне 26 шағын өрт сөндіру кешенінің кілтін табыстады. Сонымен қатар, келер жылы лизингтік қаржыландыру арқылы резерватқа 39 өрт сөндіру техникасын сатып алу көзделіп отыр.

Қазіргі таңда резерват құрамында 34 орман шаруашылығы жұмыс істейді. Резерватпен шекаралас шалғай елді мекендерге ұшқышсыз ұшу аппараттарымен және спутниктік байланыс құралдарымен жабдықталған бақылау бекеттері орнатылған.

Сонымен бірге, орман өрттерін ерте анықтау үшін жалпы ауданы 600 мың гектарды қамтитын 36 мұнаралы арнайы бақылау жүйесін орнату жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жүйені 2025 жылдың шілдесінде толық іске қосу жоспарланған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Экология министрі Ерлан Нысанбаев ормандағы өрт қауіпсіздігін әуеден күзетуге бюджеттен бөлінген қаражат жетпей жатқанын мәлімдеп, Үкіметтен тағы 11 млрд теңге сұраған еді.