Жаңалықтар

Журналист Оралғайшаны өлтіргенін мойындаған Серік Голова түрмеде қайтыс болды

Оралғайша 2007 жылы із-түссіз жоғалды / фото: time.kz

Журналист Оралғайша Омаршанованы өлтіргенін мойындаған Серік Жаманаев (лақап аты Серік Голова) 25 сәуірде түрмеде қайтыс болды. Оралғайша 18 жыл бұрын із-түссіз жоғалып, мәйіті 2021 жылы ғана табылған.

Ішінен қан кеткен

Бұл туралы түрмедегілердің құқығын қорғаушы Вадим Курамшин алғашқылардың бірі болып әлеуметтік желілерде хабарлады. Солтүстік Қазақстан облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Жаманаевтың қазасын растады.

Курамшиннің айтуынша, жазасын өтеушінің жабық мекемеде ауыр сырқаттан көз жұмғаны туралы қаралы хабарды оған марқұмның қызы Жәмила жеткізген.

«25 сәуірде таңертең Серік Жаманаев қайтыс болды. Оның қызы Жәмила осыған орай мәлімдеме жасауымды сұрайды», – дейді ол әлеуметтік желіде.

Оның айтуынша, Петропавл қаласындағы түрмеді отырған Серіктің ішінен қан кетіп, жағдайы күрт нашарлаған. Ол бауыр обырына шалдыққан. Марқұмның туыстары жазасын өтеушіге дер кезінде лайықты медициналық көмек көрсетілмеді деп есептейді.

Оралғайша Омаршанованың із-түссіз жоғалуы

«Закон и правосудие» газетінің журналисі Оралғайша Омаршанова 2007 жылғы наурызда із-түссіз жоғалды. Туыстары мен әріптестерінің айтуынша, журналист наурыз айында бірнеше өткір қылмыстық істердің ізімен Қарағанды, Жезқазған, Алматы және Астана қалаларында жұмыс істеген. Содан кейін Қазаткомдағы ұлтаралық қақтығысты зерттемек болып Алматы облысындағы Маловодное қыстағына да барған.

Оралғайша Қарағанды қаласында тапанша сатып алып, оны Астанада тіркеткен. Себебі оған әлдебіреулер қоқан-лоққы көрсеткен. Содан кейін барып, яғни наурыздың 28-і күні журналист Алматы қаласына жолға шығады. Ертесіне жеткен Оралғайша қаладан пәтер жалдайды. Оны соңғы рет Алматы қаласында наурыздың 30-ы күні түс кезінде белгісіз бір қара көлікке мініп бара жатқанын көргендер бар.

Алматы қаласының полициясы адам ұрлау қылмысы бойынша іс қозғады. Алайда із-түссіз жоғалған журналист табылмады, қылмыстық іс те ұзақ уақыт ашылмады. 15 жылдан кейін ғана Оралғайшаның мәйіті табылды.

Серік «Голова» Жаманаев тоғыз рет сотталған

2020 жылы құқық қорғау органдары Жаманаев пен оның қылмыстық тобының мүшелерін ұстады. Бір жылдан кейін полиция «қылмыс әлемінің дөкейі» деп атаған Серік Голова тергеу тобын Оралғайша жерленген жерге алып барды. Журналист мәйіті Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарғалы ауылы маңындағы тау бөктерінде табылды.

Тергеу барысында Жаманаев бірнеше жыл бұрын Омаршанова мен қылмыс әлеміндегі бәсекелесі Ботбаевты өлтіргенін мойындады.

2021 жылы Серік Жаманов 19 жылға сотталған. Сот үкім шығарарда оның қатерлі ісік ауруына шалдыққанын ескерген.

Мәліметтерге қарағанда, Серік Голова 1986 жылы Ресейде түрмеде отырған уақытта «вор в законе» мәртебесін алған. Қылмыс әлемінің дөкейі атанған ол тоғыз рет істі болып, ұзақ жылдарға сотталды. 60 жасында дүниеден өткен Жаманаев ғұмырының көп бөлігін түрмеде өткізді.