
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің орынбасарын тағайындады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Мемлекет басшысының өкімімен Ғұмар Екпінұлы Серғазин Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды», – делінген Ақорда хабарламасында.
Ғұмар Серғазин бұған дейін Энергетика министрлігінде қызмет еткен. Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры лауазымы бойынша қызмет еткен. Оның алғашқы маманды,ы заңгер. 2008 жылы Қазақ-Америка университетін осы мамандық бойынша аяқтаған. Содан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Мемлекеттік және жергілікті басқару саласы бойынша магистратурада оқып, оны 2013 жылы тәмамдаған.
Сонымен бірге Аустрияда АЭХА Ядролық құқық институтында, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік институтында «электроэнергетика» мамандығы бойынша білім алған.
Ал қызметтік жолын «Астана қаласы Сарыарқа ауданы Халыққа қызмет көрсету орталығынан» бастаған. Одан кейін БТА банкте, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі мен түрлі министрліктерде түрлы қызметтер атқарып келген. 2014 жылдан бастап осы күнге дейін Энергетика министрлігінде түрлі лауазымдар бойынша қызмет еткен.
Айта кетейік, бұған дейін Атом энергиясы жөніндегі агенттігі құрылып, оған бұрынғы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев төраға болып тағайындалған болатын.