Жаңалықтар

Қазақстан сұйытылған газды елден шығаруға арналған тыйымды ұзартты

Фото: shutterstock

Қазақстан сұйытылған мұнай газының елден шығарылуына қатысты тыйымды ұзартты. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық еткен ведомствоаралық комиссия отырысында осындай шешім қабылданды.

Шешімге сұйытылған газды ішкі нарықта сақтап қалу негіз болған. Тыйым 2025 жылғы 14 мамырдан бастап алты ай мерзімге енгізіледі. Бұған дейін тыйым 2024 жылғы 2 мамырда енгізілген, кейін 2024 жылғы 14 қарашада алты айға ұзартылған .

Сондай-ақ Қазақстаннан автокөлікпен бензин, дизель отыны және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін шығаруға салынған алты айлық тыйым әлі де күшінде.

Қазақстанда газ тұтыну көлемі артып келеді. Мәселен, 2024 жылы Қазақстан Ресейден газ импортын 3,8 млрд текше метрге дейін арттырды. 2023 жылы бұл көрсеткіш 0,5 млрд текше метр болған.

Энергетика министрлігінің болжамынша, жаңа зауыттардың іске қосылуына байланысты 2030 жылға қарай елдегі газ өндірісі 5,9 млрд текше метрге ұлғаяды.

Айта кетейік, 2026–2030 жылдар аралығында үш газ өңдеу зауытын іске қосу жоспарланып отыр. Олар – Қашаған кен орны негізінде қуаттылығы 1 млрд және 2,5 млрд текше метр болатын екі зауыт, Қарашығанақ кен орны негізінде жылына 4 млрд текше метр өндіретін зауыт және Жаңаөзен қаласында жылына 900 млн текше метр газ өңдейтін зауыт.