Жаңалықтар

Украина экс-президенті Януковичті сырттай 15 жылға соттады

Фото: ашық дерек

Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичке Киев сотында екінші үкім шықты. Оны сырттай 15 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды УНИАН.

Оны «Дезертирлікке итермелеу және адамдарды мемлекеттік шекарадан заңсыз өткізу ісін ұйымдастыру» деген бап бойынша кінәлі деп тапты.

«2014 жылғы 23 ақпанда Украина экс-президенті бұрынғы Президент қауіпсіздік қызметінің басшысы және Ресей Федерациясының өкілдерімен сөз байласа отырып, әуе арқылы Украина шекарасын заңсыз кесіп өтіп, өзінің жақын айналасындағы адамдар мен Мемлекеттік күзет басқармасы әскери қызметкерлерінен кемінде 20 адамды шекарадан заңсыз өткізуге ұйымдастырушы болған», – деп нақтылады прокуратура.

Севастополь қаласындағы РФ Қара теңіз флоты әскери бөлімінің аумағында болған кезде Янукович өзін күзетіп жүрген Мемлекеттік күзет басқармасының әскери қызметкерлерін дезертирлікке және Ресейге кетуге үгіттеген. Нәтижесінде экс-президентпен бірге мемлекеттік күзет қызметінің кейбір қызметкерлері де Ресейге кеткен. Прокуратура мәліметінше, олар әскери қызметке қайтып оралмаған.

Сот Януковичке сырттай 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, ал Президент қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы 10 жылға сотталды.

2019 жылғы қаңтарда Виктор Януковичке мемлекеттік опасыздық және Украинаға қарсы агрессиялық соғыс жүргізуге жәрдемдесу баптары бойынша 13 жылға сырттай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Бұл үкім де сырттай шығарылған, өйткені бұрынғы президент 2014 жылы елден қашып кеткен.

Виктор Янукович – Украинаның төртінші президенті. 2013 жылы ЕуроОдақпен қауымдастық туралы шартқа қол қоюға бас тартқаны үшін елде жаппай шерулер басталды. Үлкен толқудан кейін 2014 жылы Янукович биліктен аластатылды. Одан кейін Киев басшылығына Петр Порошенко, кейін Владимир Зеленский келді.

Қазір Зеленский Украина мен Ресей арасындағы соғысты аяқтау үшін келіссөзд жүргізуге ниетті. Оған Мәскеу Киев Қырымнан бас тартып, НАТО-ға кірмеуі керек деген талап қойып отыр.