
Талдықорғанда жасөспірім Шерзат Полаттың қазасы бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 29 сәуірдегі сот отырысында марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың сотқа дейінгі тергеу барысында берген жауабы оқылды деп хабарлайды Kursiv.Media.
«…Нұрбол алдымен Чика дегенге хабарласты, содан кейін Нұрқияқа хабарласты. Тоқтамай хабарласа берді. Сол кезде төбелес болатынын түсіндім, Шерзатқа қайт дедім. Шерзатқа әкемнің Ravon автокөлігіне отырып кетті, оны өзім көрдім. Ол жынданып қайтып кетті. Нұрболмен қайта сөйлесіп, шешейік дедім. Нұрбол «бауырым, кешірім сұрап тұрсың ғой» деп, сол жерде тоқтады. Осылай сөйлесіп тұрған кезде Hyundai және Mercedes автокөлігі келіп тоқтады. Hyundai автокөлігінен үш не төрт адам, Mercedes автокөлігінен Абзал, Шыңғыс, Нұрқияс және тағы бір бала, екі қыз шықты. Маған бірінші Нұрқияс келді», – деген марқұм Ғайыпбаев.
Содан кейін сотталушы Нұрқияс Ілиясов жәбірленуші Ахмет Махметті ұрған.
«Бір кезде ол жігіттер маған атыла бастады. Нұрқияс мені ұрды. Мен оның соққысын өткізіп жібердім. Оның өзін ұрып жібердім. Соққы Нұрқиястың көкірегіне тиді. Іштен ағам Қаржаубай шыға алмай тұрды. Бір қыз жібермей тұрған екен, аяғымен тіреп тұрған. Бір қыз Mercedes-тің қасында тұрды. Сол кезде пышақ шыға бастады. Mercedes автокөлігімен келген қыздың бірі автокөліктен пышақ алып беріп тұрды. Бірінші Нұрқиясқа жетті», – деген Ғайыпбаев.
Айта кетейік, 28 сәуірде қайғылы жағдай кезінде оқиға орнында болған Дана Жақсыгелді және Эльмира Нұрбековадан жауап алынды.
«Дүкенге қарама-қарсы 5 қабатты үй бар. Сол жақтан сұр түсті киім киген бала жүгіріп шықты. (…) «Жібер, жібер» деп айғайлады да, аспанға бір рет оқ атылды. Сол кезде Равильді құшақтап алдым, ол менің қолымды босатып шығып, әрі қарай жүгірді. Мен көлік тұрған жаққа қарай кеттім. Дана екеуміз көліктің артқы жағында отырдық. Мылтық кемі 2-3 рет атылды. Көмек сұраған әйелдің дауысын естідім. Көліктен шығып, олардың қай жерде тұрғанына қарадым. Шамамен 4 адамның теуіп жатқанын көрдім. Жүгіріп бардым да, қара күртеше киген жігітті ұстап алдым. «Қойыңдар» деп айттым, күртесінен тарттым, сол кезде баланы көрдім. Сұр киімдегі бала ішпен (етпетінен – ред.) жатты. Абзалдың оны арқа тұсынан ұрып жатқанын көрдім», – деді Эльмира Нұрбекова.
Іс бойынша төрағалық етуші судья Ержан Жанұзақов пен мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай оқиға орнында болған әйелдің сотқа дейінгі тергеу барысында және сот отырысында берген жауабы бір-біріне сәйкес келмейтінін айтты.