
Талдықорғанда жасөспірім Шерзат Полаттың қазасы бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 29 сәуірдегі сот отырысында куәлерден жауап алынады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Алғашқы болып сот залына 16 жастағы куә Б.Асқарбек шақырылды. Ол сотталушы Дархан Әскентай мен жасөспірім Думан Ысқақты танитынын айтты. Думан Ысқақпен бір мектепте оқыған.
Куә қайғылы оқиға болған күні Дархан Әскентайдың шотына мың теңге аударған. Мұны жездесінің өтініші бойынша орындаған.
«Апам Светлана Қалтаеваның шотынан Дархан Әскентайға мың теңге аудардым. Дарханды жездеммен бірге жүргенде көретінмін. Оның алдында бір рет ақша аударғанмын. Аударым жасағаннан кейін түбіртекті Дарханның өзіне жібердім. 2024 жылдың 3 қазанында болған оқиғаны кейін естідім», – деді куә.
10:16 Кәмелетке толмаған куәден жауап алу аяқталды.
10:17 72 жастағы куә Светлана Қалтаева сот залына шақырылды. Зейнеткер ақша аударудан хабары болмағанын, банк қосымшасын пайдалана алмайтынын айтты.
10:23 Сот залына куә Еркебұлан Тоқтарбай шақырылды. Ол өзінің сотталушы Дархан Әскентайдың сыныптасы екенін айтты. Куә қайғылы оқиға болған күні сотталушыны көрген, оның бірнеше бөтелке сыра ішкенін айтты.
10:34 Сотқа куә Талғар ауданы полиция басқармасында патрульдік полиция болып қызмет ететін Жәнібек Әмірақын шақырылды. Ол сотталушы Дархан Әскентайды танитынын, бір сыныпта оқығанын айтты. Басқа сотталушы, жәбірленушілерді танымайтынын жеткізді.
«Қамажай» дүкеніне барған жерден кезде қанды көрдім. Адамдардан баланың пышақталғанын, әкесі емханаға алып кеткенін білдім. Golf пен Mercedes автокөлігі туралы білдік. Рысқұлов ауылына қарай жүрген кезде қара Golf автокөлігін көрдік. Барған кезде ішінде ешкім болмады. 102-ге қайта хабарласып, автокөлікті тапқанымызды айттық. Сол кезде бір жігітті байқадық, оны әріптесіміз екеуміз ұстадық. Ол сұрау барысында төбелеске қатысты бар екенін айтты, ол Дархан Әскентай болып шықты. Оны бірден танымадым. Көзі ісіп кеткен. Тау жақта жарық жоқ», – дейді куә.
Айтуынша, сотталушы Дархан Әскентай ұстау барысында қарсылық танытпаған. Сондай-ақ қатты масаң күйде болған.
10:53 Сот залына куә Талғар ауданы полиция басқармасында рота патрульдік полиция инспекторы Дәурен Құрамысов шақырылды.
Куәнің сөзінше, төбелес болып жатыр деген хабарлама бір рет түскен. Содан кейін полиция оқиға орнына 7-8 минутта барған.
Куәлерден жауап алу аяқталған соң Шерзат Полаттың ағасы – марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың сотқа дейінгі тергеу барысында берген жауабы оқылды.
«Бір кезде ол жігіттер маған атыла бастады. Нұрқияс мені ұрды. Мен оның соққысын өткізіп жібердім. Оның өзін ұрып жібердім. Соққы Нұрқиястың көкірегіне тиді. Іштен ағам Қаржаубай шыға алмай тұрды. Бір қыз жібермей тұрған екен, аяғымен тіреп тұрған. Бір қыз Mercedes-тің қасында тұрды. Сол кезде пышақ шыға бастады. Mercedes автокөлігімен келген қыздың бірі автокөліктен пышақ алып беріп тұрды. Бірінші Нұрқиясқа жетті», – деген Ғайыпбаев.
Сот залынан тікелей трансляцияны Жоғарғы соттың YouTube арнасынан көруге болады.
Шерзат Полат ісі
Қылмыстық істі судья Ержан Жанұзақов қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар – Дана Сәрсенбай мен Ержан Құрақбаев.
Сотталушылар қатарында 9 адам бар. Олар Абзал Шынасыл, Равиль Сакиев, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Азамат Тоқтаубаев, Нұрқияс Ілиясов, Дидар Қалиахмет, Думан Ысқақ.
Бұған дейін ішінде 4 адамның бұрын сотты болғаны айтылды. Сондай-ақ олар өздеріне тағылған айыпты толық мойындамады.
Мәселен, Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігінде (бұзақылық), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5,9 және 14-тармағы (адам өлтіру), қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 1,7 және 9-тармағында (адам өлтіруге оқталу) көрсетілген әрекетті жасады деп айыпталғанАбзал Шынасыл тағылған айыпты мойындамайтынын айтты.
2025 жылдың 18 сәуірінде жәбірленушілерден жауап алынды. Бірінші болып Шерзат Полаттың әжесі сотта жауап берді. Одан кейін марқұмның анасы Гүлбара Бишембиевадан жауап алынды. Жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов жанжалдың неден басталғанын айтып берді.
28 сәуірде іс бойынша шақырылғын куәгерлерден жауап алу аяқталды. Олардың арасында оқиға орнында болған екі әйел Эльмира Нұрбекова және Дана Жақсыгелді бар.