
Яндекс Такси қызметі мереке күндері және қолайсыз ауа райы кезінде тарифті үш еседен артық көтере алмайды. Яндекс компаниясы агенттікпен ортақ келісімге келген. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі хабарлады.
Агенттік Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, Яндекс Такси компаниясының алгоритмдік баға қалыптастыру тиімділігіне аудит жүргізген. Құзыретті орган тексеріс барысында Яндекс Сервисін, оның ішінде такси қызметтерінің бағасына әсер ететін шарттар мен параметрлерді зерделеген.
«Аудиттің бастапқы қорытындылары бойынша баға белгілеу жүйесінде бірқатар тәуекелдер анықталды. Кейбір тәуекелдер жойылды, ал қалғандары бойынша Яндекс оларды жою жөнінде міндеттемелер қабылдады, – делінген баспасөз хабарламасында.
Агенттік ұсынысымен Яндекс қолданыстағы комплаенс жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізуге келіскен. Комплаенс аясында, компания такси тарифтерінің және жол жүрудің базалық құнының қымбаттайтыны туралы Агенттікке 3 күн бұрын хабар беруге, әуежай маңындағы кейбір тұрғын аймақтарды тарифтік аймақтан алып тастауға келіскен.
Компания сондай-ақ жол жүрудің базалық құнынан екі есе асатын сомадан комиссия ұстамауға келіскен. Бұл өз кезегінде жүргізушілердің табысын арттыруға ықпал етеді. Бұған қоса компания тарифтердің көтерілуі туралы 3 күн бұрын хабарлауы керек және «Эконом» тарифіндегі комиссия екі жылда бір реттен артық көтерілмейді, ал сұраныс жоғары болған жағдайда тарифтің өсуі 95% жағдайда 3 еседен аспайды.
«Максималды сұраныс жағдайында тарифті үш еседен артық көтеруге шектеу енгізіледі. Мысалы, ауа райы қолайсыз күндері немесе мереке күндері, мұндай сапарлар әр тоқсанда әр қалада барлық сапарлардың 5%-ынан аспауы керек, бұл талап нақты көрсетілген», – делінген баспасөз хабарламасында.
Бұдан бөлек, Яндекс Такси пайдаланушыларды такси қызметтеріне сұраныс деңгейі туралы хабардар ету шараларын енгізеді. Мәселен, «Эконом» тарифінде сұраныс өте жоғары болған кезде сынақ режимінде виртуалды кезек жүйесі іске қосылады. Мұндай кезде пайдаланушы қанша адамның такси күтіп тұрғанын көре алады және өзіне тиімді тарифті таңдай алады.
«Яндекс Такси антимонополиялық комплаенс аясындағы міндеттемелерінің орындалуы Агенттік жанындағы арнайы мониторингтік топтың бақылауында», – деп хабарлайды агенттік.