
Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексі мен салық салу мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Қосылған құн салығы мөлшерлемесі 16% болып белгіленді.
Жаңа заң жобасына сәйкес, қосылған құн салығы қазіргі 12%-дан 16%-ға көтеріледі. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі қазіргі 78,6 млн теңгеден 40 млн теңгеге дейін қысқарады. Яғни енді жылдық айналымы (таза табыс емес) 40 млн теңгеден асатын кәсіпкерлер қосылған құн салығын төлеуге міндетті болмақ. Қолданыстағы заң бойынша, жылдық қаржы айналымы тек 78,6 млн теңгедене асатын бизнесмендер ҚҚС төлейтін еді.
«Дәрілік заттар мен медициналық қызметтерге қосылған құн салығының төмендетілген мөлшерлемелері енгізіледі: 2026 жылдан бастап 5 пайыз және 2027 жылдан бастап 10 пайыз болады», – деді депутат Берік Бейсенғалиев.
ҚҚС-тан босатылатын салалар
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті медициналық сақтандыру, сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу аясындағы тауарлар мен қызметтер қосылған құн салығын төлеуден босатылады.
Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен отандық басылымдарды, баспа түріндегі кітаптарды басып шығару қызметтерін ҚҚС төлеуден босату жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатымен қосымша есепке жатқызуға қосылған құн салығы сомасы 70 %-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Оңайлатылған декларацияны реформалау аясында рұқсат етуші тізімінің орнына тыйым салынатын тізім енгізілді.
Мәслихаттардың өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып ±50%-ға дейін түзету мүмкіндігімен 4 пайыздық бірыңғай мөлшерлеме белгіленді. Кәсіпкерлік субъектілері арасындағы операцияларға арнаулы салық режимін қолдану кеңейтілді.