
Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданы сотында «Костенко» шахтасында қаза тапқан 46 кеншінің ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Сот процесі барысында қорғау тарабы іс бойынша мемлекеттік айыптаушыларды ауыстыруды сұраған, деп хабарлайды KursivMedia.
2025 жылдың 22 сәуіріндегі сот отырысында адвокат О.Васильев қылмыстық істегі айыптау тарабы – прокурорлар Әділ Садықов және Бекзат Әшірбековке қарсылық білдіру (отвод) туралы өтінішхатпен жүгінген.
Бұл өтінішхатына негіз ретінде прокурорлардың сотта қаралып жатқан іске қатысы жоқ сұрақтар қойғанын көрсеткен. Мысал ретінде прокурорлардың сотталушылардан «Костенко» шахтасында құжат бойынша тіркеліп, бірақ ол жерде жұмыс істемеген жұмысшылар болды ма?», «Шахта басшылығы құрал-сайман сатып алуға ақша жинады ма?» деген сұрағын келтірген.
Істі қарап жатқан судья Бахтияр Ақанов қылмыстық іс жүргізу кодексінде прокурорға қарсылық білдіру туралы өтінішті қанағаттандыру үшін негіздер тізбесі көрсетілгенін, алайда дәл осы істе мұндай жағдай анықталмағанын айтқан.
«Прокурорлардың сот талқылауы барысында қойылған қылмыстық істің мәніне жатпайтын сұрақтары мемлекеттік айыптаудың тағылған айыпты қолдауы және сотталушыларға айып тағуға қатысты ұстанымын білдіреді. Сол себепті прокурорларға қарсылық білдіру туралы келтірілген дәлелдер назарға алынбайды. Өтінішхат беруші қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген прокурорға қарсылық білдіру үшін қандай да бір объективті мәлімет пен деректерді көрсетпеген», – делінген сот материалдарында.
Осылайша судья Бахтияр Ақанов адвокаттың өтінішхатын қанағаттандырмады.
«Костенко» ісі
2025 жылдың 5 наурызында қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды. 13 наурызда басты сот талқылауы басталды.
Қылмыстық іс бойынша 10 сотталушы бар. Оның ішінде 9 адам қылмыстық-процестік кодекстің 342-бабы 2-бөлігі негізінде қылмыстық іс сотта қаралып жатқан уақытта қамауда болады. Бұл қатарда бар:
Сергей Мустивко (шахта директоры);
Вадим Ерёмин (шахта директорының өндіріс жөніндегі орынбасары);
Николай Грознов (шахтаның бас инженері);
Виктор Коптенков (апат болған №6 учаскенің бастығы);
Владимир Гонноченко (бас инженердің орынбасары);
Дмитрий Федоренко (бас инженердің қауіпсіздік техникасы жөніндегі орынбасары);
Виталий Пестряк (желдету және қауіпсіздік техникасы жөніндегі бастықтың көмекшісі);
Владимир Шишканов (желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесінің бастығы);
Төлеген Габдушев (конвейерлік көлік учаскесінің бастығы).
Оныншы сотталушы Дмитрий Коцар (шахтаның бас механигі) қолхат негізінде қамауға алынбаған.
Оларға Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі (тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу екі не одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдай) бойынша айып тағылған. Іс бойынша 74 адам жәбірленуші деп танылған.
Айыптау актісіне сәйкес, шахта директорының лауазымдық міндеттері мен ереже талаптарын өрескел бұзғаны 2023 жылдың 28 қазанында «Костенко» шахтасында көмір өндіру барысында метан газ қоспасының жануына әкелген. Өрт басталған кезде шахтада 252 адам болған.
«Костенко» шахтасындағы апат
2023 жылдың 28 қазанында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның «Костенко» көмір шахтасындағы жарылыс болып, 46 кенші қаза тапты, 28 кенші жарақат алды. Осы апаттан кейін президент Үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Содан кейін ArcelorMittal және Қазақстан үкіметі меншік құқығын Қазақстан Республикасына беру жөніндегі мәміле туралы алдын ала келісімге қол қойды.
2023 жылдың 8 желтоқсанында ArcelorMittal мемлекет бақылауындағы Qazaqstan Investment Corporation (QIC) тікелей инвестициялар қорына «АрселорМиттал Теміртауды» сату аяқталғанын жариялады.
Осылайша компания Қазақстан үкіметіне Теміртау мен Ақтаудағы металлургиялық кәсіпорындарды 286 млн долларға сатты. Үкімет пен компания ArcelorMittal Temirtau JSC және ArcelorMittal Tubular Products Aktau JSC металлургиялық кәсіпорындарының барлық акциясын QIC сатып алуы туралы келіссөздерді аяқтады. Әрі қарай компания акциялары оның жаңа иесі – Андрей Лаврентьевке берілді. «АрселорМиттал Теміртау» Qarmet болып өзгертіліп, оның бас директоры болып Вадим Басин тағайындалды.