
Microsoft компаниясы 2025 жылдың 5 мамырынан бастап әйгілі Skype сервисінің жұмысын ресми түрде тоқтататынын хабарлады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі мәлімдеді.
Microsoft пайдаланушыларға Skype-тегі аккаунттары мен деректерінен айырылып қалмау үшін балама нұсқа ұсынды – олар енді Microsoft Teams платформасына өте алады. Барлық қажетті ақпаратты жаңа сервиске көшіруге болады.
Компанияның мәліметінше, Skype-тың негізгі функциялары – қоңыраулар шалу, хабарлама жіберу, файл алмасу – бүгінде Teams платформасында толық қолжетімді. Сонымен қатар Teams қосымша мүмкіндіктермен жабдықталған: күнтізбелер, қызығушылық топтары, видеокездесулер және тағы басқа.
Нарықта Zoom, Discord, WhatsApp мессенджерлері пайда болғаннан кейін Skype-тің сұранысы төмендей бастады. Тіпті қазіргі таңда Microsoft Teams ірі компаниялар мен ұжымдар арасында ең танымал корпоративтік байланыс құралына айналды.
Естеріңізге сала кетейік, Skype бағдарламасы 2003 жылы іске қосылған және ұзақ жылдар бойы интернет арқылы қоңырау шалуға арналған ең танымал құралдардың бірі.
Microsoft Skypе-ты сатып алған уақытта оны жүздеген миллион адам қолданатын. Ал 2023 жылы мессенджер қызметін бар болғаны 36 млн адам қолданған.