Алматыда 2026 жылға дейін жаңармаған базарлар жабылады

Алматыда 2026 жылға дейін жаңармаған базарлар жабылады. Өйткені ресми органдар моденизация жасамаған cауда орындарының қызметіне тыйым салады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Алматы қаласының кәсіпкерлерімен кездесінде айтты.
Қалада қазір 59 базар бар, олардың 70%-ы жаңғыртудан өткен. 2025 жылы 10 базарды жаңарту жоспарланып отыр. Дегенмен, алтауының жұмыс кестесінен кешігу қаупі бар. Оған жер мәселесі, техникалық шарттар, әкімшілік кедергілер мен қаржы тапшылығы себеп.
Министрдің айтуынша, Алматы – елдегі ішкі сауданың жетекші орталығы. 2025 жылдың алғашқы үш айында қаладағы ішкі сауда көлемі 5,1 трлн теңгеден асты. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш (36,2%).
Шаққалиев мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлердің үйлесімді жұмыс істеуін тапсырды. Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап жаңғыртудан өтпеген базарлардың жұмыс істеуіне тыйым салынатынын ескертті. Бұл – қауіпсіздік пен сапалы қызмет көрсету талабынан туындаған шешім.
Бүгінде Алматыда «Digital Bazar» пилоттық жобасы іске қосылып, 7 базар мен 4 276 саудагер қамтылған. Бұл бастама базарларда цифрлық қызметтер мен қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды енгізуге бағытталған.
Сонымен қатар келер жылдан жаңғырту жүргізбеген базар иелеріне қомақты айыппұл салынуы мүмкін.
Алматы қаласы әкімдігі заңсыз сауда нүктелерін жабуды көздейтін науқан жүргізіп жатыр. Қазірдің өзінде 341 сауда нысаны көшеден алып тасталынды.