Шерзат соты жалғасып жатыр – тікелей трансляция

Талдықорған қаласында 2024 жылдың күзінде қаза тапқан жасөспірім Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Сот отырысында сотталғандардың ата-анасы әлеуметтік желіде жарияланған видеоға қатысты сотқа наразылық білдірді. Бұған дейін желіде сотталушылардың сотталушылар орындығынан күліп шыққан сәті түсірілген видео тарады.
«Сот тексеру жүргізіп жатыр. Нәтижесі қосымша жарияланады», – деді судья Ержан Жанұзақов желіде тараған видеоға қатысты.
Сондай-ақ сотталушыларды фото-видеоға түсіруге болмайтынын тағы бір рет ескертіп өтті.
Содан кейін сот залына куә Сәкен Әкежанов шақырылды. Куә қайғылы оқиға болған «Қамажай» дүкеніне қарама-қарсы үйде тұрады.
«Ойбайлап жатқан әйелдің дауысын естідім. «Скорый» шақырыңдар деді. Балконға шығып қарасам, он шақты жігіт жүгіріп бара жатыр. Бір жігітті тепкілеп жатты. «Қойыңдар, өлтіресіңдер ғой» деп айғайладым», – дейді куә.
Айтуынша, жиналғандар жерде жатқан адамды ұрып-соққанын көрген кезде жедел жәрдем шақырған. Алайда куә оқиға орнында болғандардың түрін көрмегенін айтты. Сөзінше, жедел жәрдем шақырған кезде соққы жеген адам қимылдап жатқан.
«Полиция, жедел жәрдемге хабарласу қиын екенін білесіздер. Оқиға біткен соң хабарластым. Бәрі тез, 1-2 минут ішінде болды», – деді куә Әкежанов.
10:47 Сот залына куә Арман Құсайынов шақырылды.
«Біз әкімдік маңында үш көлікпен тұрдық. Досым Данияр Жанболатұлының анасы хабарласып, «ана жақта оқ атып жатыр, тез үйге қайт» деді. Көлікке отырып, автобазаға бардық. Ол жерге мен ең соңғы болып бардым. Бәрі қарап кетіпті. Ештеңеге назар аудармадым», – деді ол.
11:00 Сот залына куә Данияр Жанболатұлы келді. Ол оқиға орнына келген кезде қан ізі мен оқ көрген.
11:30 Сотқа куә ретінде Дарын Жанболатұлы шақырылды. Ол сотталушылардың ішінде тек Нұрқияс Ілиясовты танитынын айтты. Сөзінше, екі адам жерде жатқан кезде көршілері сол маңда жиналып тұрған.
11:55 Куә ретінде сот процесіне Дәулет Мұхамедиярұлы келді. Мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай куәдан жауап алу хаттамасын оқыды. Соған сәйкес куә тергеуде «Шерзаттың анасы мен әпкесі келіп, Шерзаттың өліп қалғанын, ағасы ауруханада екенін айтты» деген.
Сотқа куә ретінде қатысқан Наргиза Нажмитдинова терезеден «ат» деген сөзді естігенін, алайда оны айтқан адамның кім екенін білмейтінін жеткізді.
«Ат» деп айғайлаған адам қара түсті киім киген. Ал басқасының киімін, түрін ажырата алмадым», – деді куә.
Сот сағат 14:30-ға дейін үзіліс жариялады.
Бұған дейінгі сот отырысы 28-29 сәуірде өтті. Сот залында куәлерден жауап алынды. Оның ішінде оқиға орнына барған полиция қызметкерлері де бар. Толығырақ мына жерден оқи аласыздар.
Шерзат Полат ісі
Қылмыстық істі судья Ержан Жанұзақов қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар – Дана Сәрсенбай мен Ержан Құрақбаев.
Сотталушылар қатарында 9 адам бар. Олар Абзал Шынасыл, Равиль Сакиев, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Азамат Тоқтаубаев, Нұрқияс Ілиясов, Дидар Қалиахмет, Думан Ысқақ.
Бұған дейін ішінде 4 адамның бұрын сотты болғаны айтылды. Сондай-ақ олар өздеріне тағылған айыпты мойындамады.
2025 жылдың 18 сәуірінде жәбірленушілерден жауап алынды. Бірінші болып Шерзат Полаттың әжесі сотта жауап берді. Одан кейін марқұмның анасы Гүлбара Бишембиевадан жауап алынды. Жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов жанжалдың неден басталғанын айтып берді.
Сондай-ақ 2025 жылдың 28 сәуірінде Шерзат Полат қайтыс болған күні сотталушылармен бірге жүрген екі әйел Эльмира Нұрбекова және Дана Жақсыгелдіден жауап алынды.