
Талдықорғанда жасөспірім Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесі өтіп жатыр, деп хабарлайды KursivMedia.
Бірінші болып сот отырысына Талғар ауданы полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Медет Әділжан шақырылды.
Ол қайғылы оқиғадан кейін Нұрқанат Ғайыпбаевтан жауап алған. Бұған дейінгі сот отырысында полицейдің Ғайыпбаевтан оқиға болғаннан кейін алған жауабының видеосы көрсетілді.
Айтуынша, видео түсірілген кезде Нұрқанат Ғайыпбаевқа ол туралы ескертілмеген. Тіпті видео түсіру туралы қаулы шығарылмаған, алайда сол уақытта қылмыстық іс қозғалған. Мемлекеттік айыптаушы қай заңға сүйеніп видео түсіргенін сұрады. Алайда полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы заңның нақты бабын айта алмады, тек қылмысты ашуды мақсат еткенін жеткізді.
«Ғайыпбаев палатада жатты. «Сөйлесе аласыз ба?» деп сұраған кезде, «иә, жауап бере аламын» деді. Денсаулығын медбикеден сұрадым. Видео түсіріп жатқан кезде жанымызда медбике болған жоқ», – деді полицей.
Бұл видеоны Әділжан 2024 жылдың 4 қазанында түсірген. Алайда іс материалдарына 15 қазанда тіркелген.
Шерзат Полат ісі
Қылмыстық істі судья Ержан Жанұзақов қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар – Дана Сәрсенбай мен Ержан Құрақбаев.
Сотталушылар қатарында 9 адам бар. Олар Абзал Шынасыл, Равиль Сакиев, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Азамат Тоқтаубаев, Нұрқияс Ілиясов, Дидар Қалиахмет, Думан Ысқақ.
Бұған дейін ішінде 4 адамның бұрын сотты болғаны айтылды. Сондай-ақ олар өздеріне тағылған айыпты мойындамады.
2025 жылдың 18 сәуірінде жәбірленушілерден жауап алынды. Бірінші болып Шерзат Полаттың әжесі сотта жауап берді. Одан кейін марқұмның анасы Гүлбара Бишембиевадан жауап алынды. Жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов жанжалдың неден басталғанын айтып берді.
Сондай-ақ 2025 жылдың 28 сәуірінде Шерзат Полат қайтыс болған күні сотталушылармен бірге жүрген екі әйел Эльмира Нұрбекова және Дана Жақсыгелдіден жауап алынды.