
АҚШ консулдығын салу үшін Алматыдан 70 мың шаршы метр жер жалға берілмек. ҚР Парламентінің Сенаты Алматы қаласында АҚШ-тың Бас консулдығын салу үшін 70 593 шаршы метр жер учаскесін жалға беру туралы келісімді мақұлдады.
Келісім мәні неде?
Екі ел арасындағы келісім 2024 жылдың 27 қыркүйегінде жасалған. Құжатқа сәйкес, АҚШ Үкіметіне Алматыдағы жер учаскесі 49 жыл мерзімге жалға беріледі. Сонымен қатар келісімде автоматты түрде ұзарту мүмкіндігі де қарастырылған.
Жалға алу құны – 25,3 миллион АҚШ доллары. Бұл қаражат келісім күшіне енген күннен бастап 30 күн ішінде біржолғы төлеммен төленеді.
Қаржы және салық шарттары
Барлық құрылыс, жөндеу, инженерлік-коммуникациялық қызметтерге кететін шығындарды АҚШ Үкіметі өзі көтереді. АҚШ тарапы салық, кедендік төлем мен рұқсат алуға қатысты талаптардан босатылады.
Импортталатын құрылыс материалдары мен жиһаздарға кедендік баж бен салық салынбайды.
Бұл келісім халықаралық дипломатиялық тәжірибеге толық сәйкес келеді. Мысалы, АҚШ консулдығына Гонконгта 999 жылға, ал Солтүстік Корея Елшілігіне Ұлыбританияда ұзақ мерзімге жер берілген.
Не салынады?
АҚШ Бас консулдығының аумағында:
- Консулдық ғимараты,
- Сауда министрлігінің өкілдігі,
- Есірткімен күрес агенттігі,
- Гуманитарлық және коммерциялық миссиялар орналасады
«Оның негізгі міндеті – америкалық компаниялардың қазақстандық нарыққа шығуына жәрдемдесу, сондай-ақ АҚШ пен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту», – деді сенатор Амангелді Нұғманов.
Қазақстан қандай пайда көреді?
Алматыдағы бұл консулдық Орталық Азиядағы ең ірі визалық хаб болады. Бұл шешім шетелдік инвестиция, жаңа жұмыс орындарын құру және бизнесті дамытуға ықпал етеді.
Сонымен қатар консулдықтың ашылуы АҚШ пен Қазақстан арасындағы экономикалық және саяси байланыстарды нығайтуға үлес қосады.
Хьюстонда Қазақстан консулдығы ашылады
Келісім аясында АҚШ тарапы Қазақстан Республикасына Хьюстон қаласында Бас консулдық ашуға рұқсат береді. Бұл қазақ диаспорасына да, Қазақстанның Америкамен экономикалық әріптестігі үшін де маңызды қадам болмақ.
Бұған дейін Сыртқы істер министрлігі қаланың ортасынан шет елдің консулдығын салуға жер беру қалыпты нәрсе деп мәлімдеген.