Жаңалықтар

Назарбаев мектептерінде президенттік грант қысқартылды

Жаңа бұйрыққа сәйкес, Назарбаев мектептерінде грант мөлшері азаяды / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі (НЗМ) президенттік гранттар азайтылды. Тиісті бұйрыққа ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қол қойды.

ҚР Президентінің «Өркен» білім беру гранты 2009 жылы, алғашқы НЗМ мектептерімен қатар енгізілген болатын. Бұл грант оқу жылына арналған шығындарды өтейді. Оқушылар білім алумен қатар, жатақханада тұрып, тегін тамақтана алады.

Бұрынғы бұйрыққа сәйкес грант мөлшері мынадай болды:

  • 2 349 191 теңге (жатақханасыз);
  • 3 247 305 теңге (жатақханамен).

Енді жаңа бұйрықпен бұл сома төмендетілді:

  • 2 190 080 теңге (жатақханасыз);
  • 3 053 940 теңге (жатақханамен).

2023 жылы бұйрыққа енгізілген өзгерістерге сәйкес, грант мөлшері жыл сайын индекстелуге тиіс.

НЗМ деректеріне сүйенсек, биылғы оқу жылында елдегі барлық зияткерлік мектепте 17 884 оқушы білім алуда. Олардың 11%-ын ауылдардан, шағын қалалардан және аудан орталықтарынан келген балалар құрайды. Ал шамамен 39%-ы – әлеуметтік осал топтардан шыққан оқушылар.

Назарбаев мектебінде оқитын әр балаға 27 млн теңге бөліне ме 

Осыған дейін, депутат Магеррам Магеррамов «Назарбаев Зияткерлік мектептеріне» жыл сайын Ұлттық қордан қомақты қаражат бөлінетінін айтқан болатын. Депутат, Назарбаев университеті мен мектебінде оқитын әр балаға жан басына шаққанда шамамен 27 млн теңге жұмсалатынын айтып, Үкіметті үнемдеуге шақырды. 

Алайда, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрағасы Әнуар Жанғозин депутаттың бұл ақпаратын жоққа шығарды. Ұйым басшылығы әр оқушының жан басына шаққандағы шығыны 27 млн теңегеге жетпейтінін айтады. Ұйым басшысының мәліметінше, 2024 жылы NIS-те оқуға арналған білім грантының сомасы 2 349 191 теңгені құрайды. Бұл сомаға мектеп қызметкерлерінің жалақысы, оқушылардың тамақтануы және коммуналдық шығындар кіреді екен. Жанғозин бұл соманы айтарлықтай көп емес деп санайды.