
Бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов өзіне тағылған айыпқа қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды KursivMedia.
Айтуынша, сот процесі басталған 5 айда 50-ге тарта сот отырысы өткен.
«Бұл маған қатысты бірінші қылмыстық процесс, бұл – фарс, цирк. Төрағалық етуші де мұның фарс, цирк екенін көріп отыр, бірақ мұны ешкім тоқтатпайды. (…) Вице-министрлер не үшін керек? Олар идея ұсыну үшін қажет. Президент елімізді, экономиканы дамытайық деп тапсырады. Үкіметте идея ойлап тауып, инвестиция тартатын да вице-министрлер. Мен сол кезде комитетке қорықпай сүйендім. Сол кезде форум өткіздік, барлық жағынан мінсіз форум болды. 7 жыл бойы ол форумды тек жақсы жағынан айтып келді. Туризм индустриясы комитеті бәрін есептеп шықты, министрмен келісті, вице-министр ретінде мен қол қойдым. Ол менің қызметтік міндетім. Министр қаржы бөлу туралы премьер-министрге хат жазады. Вице-министр ретінде Қаржы министрлігіне бардым, ол жерде қарап 600 млн теңгені қысқартты. Осылайша 2,3 млрд теңге болды. Мұның қай жері құқық бұзушылық?», – деді Қожағапанов жарыссөзде.
Істің мән-жайы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ерлан Қожағапановты 2024 жылдың наурызында ұстаған. Ол Алматыда ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ерлан Қожағапанов «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзовамен бірге 2018 жылы Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы көрмесін ұйымдастыру кезінде 1 млрд теңгені жымқырды деп айыпталған.
Агенттік хабарлауынша, 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасаған кезде форумды өткізу үшін жасалған сметада бағаны екі есе өсіріп көрсеткен. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкелген.
7 жылға соттауды сұрады
Бұған дейінгі сот отырысында іс бойынша мемлекеттік айыптаушы Ерлан Қожағапановты Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп тауып, 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл бапта ауыр салдарға алып келген лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану әрекеті көрсетілген. Заңда азаматтың осы әрекетті жасағаны дәлелденсе, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылатыны көрсетілген.
Ал Ләззат Көккөзова Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша айыпталып отыр. Мұнда аса iрi мөлшерде жасалған сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу әрекеті көрсетілген. Прокурор Көккөзованы 8 жылға соттауды сұрады.
Қожағапанов 2017-2019 жылдары мәдениет және спорт вице-министрі болған, 2019-2021 жылдары Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. 2021 жылы қайта мәдениет және спорт вице-министрі болып тағайындалған.