
Ерлан Қожағапанов ісі Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралып жатын. Бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың адвокаты 2025 жылдың 12 мамырында қылмыстық іс бойынша жарыссөзде іске қатысты ұстанымын айтты, деп хабарлайды KursivMedia.
Адвокат Қожағапановқа қатысты айыптау актісіндегі деректерді көрсетіп, мемлекеттік айыптаудың сотталушының көрсетілген қылмысты жасаған болса, оған нақты қандай себебі және мақсаты болғанын нақты көрсете алмағанына назар аударды. Оның сөзінше, айыптау актісінде Қожағапанов Көккөзованың мүддесін қолдаған, алайда форумды ұйымдастыру барысында екеуі байланыста болмаған.
«Біреудің мүддесін қолдау үшін азамат кем дегенде екінші адаммен кездесіп, сөйлесіп, келіссөз жүргізіп, талқылауы керек деп санаймын. Алайда сотқа дейінгі тергеу барысында да, сот отырысында да форум өткізуге дайындық кезінде Қожағапанов пен Көккөзованың бір-бірімен байланыс орнатып, талқылау жүргізгені, олардың арасында қоңыраулар болғанын растайтын дәлел келтірілмеді», – деді адвокат.
Іс қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта қаралып жатыр. Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Ерлан Қожағапановты 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Істің мән-жайы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қожағапановты 2024 жылдың наурызында ұстаған. Ерлан Қожағапанов Алматыда ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ерлан Қожағапанов «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзовамен бірге 2018 жылы Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы көрмесін ұйымдастыру кезінде 1 млрд теңгені жымқырды деп айыпталған.
Агенттік хабарлауынша, 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасаған кезде форумды өткізу үшін жасалған сметада бағаны екі есе өсіріп көрсеткен. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкелген.
7 жылға соттауды сұрады
Бұған дейінгі сот отырысында іс бойынша мемлекеттік айыптаушы Ерлан Қожағапановты Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп тауып, 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл бапта ауыр салдарға алып келген лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану әрекеті көрсетілген. Заңда азаматтың осы әрекетті жасағаны дәлелденсе, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылатыны көрсетілген.
Ал Ләззат Көккөзова Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша айыпталып отыр. Мұнда аса iрi мөлшерде жасалған сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу әрекеті көрсетілген. Прокурор Көккөзованы 8 жылға соттауды сұрады.
Ерлан Қожағапанов 2017-2019 жылдары мәдениет және спорт вице-министрі болған, 2019-2021 жылдары Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. 2021 жылы қайта мәдениет және спорт вице-министрі болып тағайындалған.