Lifestyle

Grand Slam Astana: Қазақстандық дзюдошылар алтынсыз қалды

дзюдо
Қазақстан дзюдо Grand Slam 2025 турнирінде алтынсыз қалды / фото: olympic.kz

Астанада өткен дзюдодан Grand Slam турнирінде Қазақстан құрамасы 3 күміс пен 6 қола медаль жеңіп алды. Алайда 41 спортшы қатысқан жарыста Қазақстан құрамасы бірде-бір алтын алмаған.

Күміс медаль иегерлері қатарында – Талғат Орынбасар (60 кг дейін), Олимпиада-2024 ойындарының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев (66 кг дейін) және аса ауыр салмақта Ерасыл Қажыбаев бар.

Қола медальды Мағжан Шамшадин, Аман Бақытжан (екеуі де – 60 кг), Есет Қуанов (73 кг), Абылайхан Жұбаназар (81 кг), Марат Байқамұров пен Бақжан Байтас (екеуі де – 100 кг) иеленді.

Халықаралық дзюдо федерациясының ережесіне сәйкес, жарыс өтетін мемлекеттің атынан әр салмақ дәрежесінде төрт спортшыға дейін қатыса алады. Әр салмақта екі қола медаль сарапқа салынады – сондықтан бірнеше спортшымыз бір салмақта жүлдегер атанды.

48 елден 400-ден астам дзюдошы қатысқан жарыста Қазақстан әйелдер құрамасы жүлдесіз қалды.

Турнирге Олимпиада чемпионы Елдос Сметов, Азия чемпионатының жүлдегерлері Ғалия Тынбаева, Шерзод Давлатов, Бақыт Құсақбаева, Мейірлан Максим және Душанбе Grand Slam кезеңінде көзге түскен Абиба Абужақынова қатыспады.

Қазақстандықтар үшін басты сын – 13-20 маусымда Будапештте өтетін әлем чемпионаты болмақ.

Айта кетейік, былтырғы Астана Grand Slam кезеңінде Қазақстан 1 алтын (Ғалия Тынбаева) және 3 қола медаль иеленген еді.