
Смартфондар бұғатталады. Қазақстанда 25 мамырдан бастап «қара тізімдегі» телефондар байланыс желісінен ажыратылады.
Жаңа тәртіп нені көздейді?
Әңгіме тіркелмеген смартфондар туралы болып отыр. Өйткені, наурыз айынан бастап смартфондарды тіркеудің жаңа тәртібі енгізілді.
Tengrinews ақпаратына қарағанда, барлық құрылғылар үш тізімге бөлінбек.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бұл шараны көлеңкелі нарықпен күресу үшін енгізіп отыр. Смартфон сатуға тыйым жоқ. Тек олар тіркеуден өтуі тиіс.
Олар қандай смартфондар?
Ақ тізім – ресми тіркеуден өткен, заңды түрде қолданылып жүрген құрылғылар.
Сұр тізім – статусы белгісіз смартфондар. Олар 30 күнге дейін жұмыс істей алады.
Қара тізім – IMEI-коды жалған немесе қате енгізілген құрылғылар. Бұл телефондар 25 мамырдан кейін мүлде жұмыс істемейді.
Ресми дүкеннен алынғандарға қауіп жоқ
Егер смартфонды Қазақстандағы ресми дүкеннен немесе маркетплейстен сатып алсаңыз, онда сатушы өзі құрылғыны тіркеуге міндетті. Қазір отандық платформалар IMEI-кодты сайтта көрсету мүмкіндігін енгізіп жатыр. Бұл сатып алушыға құрылғының заңдылығын алдын ала көруге мүмкіндік береді.
Тексеру жолы бар ма?
Бар. Ол үшін телефоныңыздан *#06# теріп, IMEI-кодты білесіз. Сосын imei.rfs.gov.kz сайтына кіріп, кодыңызды енгізу қажет. Сайттан құрылғыңыз тіркелгенін, ИИН-ге неше нөмір тіркелгенін және сол IMEI-ге қанша нөмір байланғанын көруге болады.
Қандай телефондар бұғатталады?
Наурыздан кейін елге заңсыз жолмен кіргізілген, тіркеусіз сатылған құрылғыларға қауіп бар. Бұл, әсіресе, шетелден әкелінген арзан смартфондарға қатысты. Мұндай құрылғысы бар адамдар 24 мамырға дейін тіркеуден өтуі тиіс. Әйтпесе, байланыс мүлде өшіріліп, смартфондар бұғатталады.
Банктердің мобильді қосымшалары қоңырау шалғанда бұғатталатыны туралы жазған едік.