Тараздағы төбелестен кейін оқушының бір көзі ағып түскен

Жарияланды
Businness news бөлімінің тілшісі
избиение. фото: shutterstock
Тараздағы төбелестен кейін оқушының бір көзі ағып түскен/фото: shutterstock

Таразда мектепте төбелес болып, салдарынан 10-сынып оқушысы ауыр жарақат алды. Оның бір көзі ағып түскен. Оқушы отадан өтті, қазір оның жағдайы ауыр.

Оқиға сабақ арасындағы үзіліс уақытында болған. КТК телеарнасының мәліметінше, жасөспірімді киім ауыстыратын бөлмеге шақырып, сол жерде 9-сынып оқушылары жабылып, соққыға жыққан.

Бейнебақылау камералары төбелес бірден басталып кеткенін көрсетті. Куәгерлердің айтуынша, зардап шеккен оқушыны басынан ұрған, ал оның досын араша түспеуі үшін ұстап тұрған.

Балаға ота жасалды. Анасының айтуынша, ол көп нәрсені есіне түсіре алмады, бірақ шабуыл жасағандардың қолында темір болғанын байқаған.

«Дәрігер көзін бөлшектеп жинап шыққан. Ол алдағы 10 күннің өте қауіпті екенін айтты. Инфекция миға шауып кетуі мүмкін», – деді анасы.

Жасөспірімнің миы шайқалып, бассүйегі ауыр жарақат алған.

Жамбыл облысының полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті ұсталды», деп мәлімдеді департамент.

Бұған дейін Талғар қаласында тағы да бір топ жастардың өзара жанжалдасып жатқан видеосы жарияланды. Онда біреуі балағат сөздер айтып, екіншісіне жұдырық жұмсаған.

Сондай-ақ оқыңыз