Жаңалықтар

Шерзат ісіндегі сотталушы Азамат Тоқтаубаевтан жауап алу басталды – видео

Азамат Тоқтаубаевтан жауап алынып жатыр/фото: kursiv.media
Азамат Тоқтаубаевтан жауап алынып жатыр/фото: kursiv.media

Шерзат ісіндегі сотталушы Азамат Тоқтаубаевтан жауап алу басталды, деп хабарлайды KursivMedia.

15 мамырдағы сот отырысында Тоқтаубаев оқиға болған күні қолында пышақ болмағанын айтты.

Сондай-ақ сотталушы тергеу барысында Нұрқанат Ғайыпбаевпен беттестіру жүргізілгенін, видеоны сотта көрсетуді сұрады.

Азамат Тоқтаубаев оқиға орнынан мылтық алып кеткенін айтты. Оның сөзінше, Шерзат Полаттың қайтыс болғанын естігеннен кейін мылтықты ұстамаған.

Азамат Тоқтаубаев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бабы 1-бөлігі (ұрлық) бойынша айыпталып отыр. Соттағы жауабында ол өзіне тағылған айыпты мойындамады. Ол оқиға орнындағы телефонды ұрлау мақсатында алмағанын айтты.

Сот отырысы 2025 жылдың 16 мамырында сағат 10:00-де жалғасады.

15.05.2025ж. 2-бөлім. Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша ашық сот процесі

Шерзат Полат ісі

Қылмыстық істі судья Ержан Жанұзақов қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар – Дана Сәрсенбай мен Ержан Құрақбаев.

Сотталушылар қатарында 9 адам бар. Олар Абзал Шынасыл, Равиль Сакиев, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Азамат Тоқтаубаев, Нұрқияс Ілиясов, Дидар Қалиахмет, Думан Ысқақ. 

Бұған дейін ішінде 4 адамның бұрын сотты болғаны айтылды. Сондай-ақ олар өздеріне тағылған айыпты мойындамады.

2025 жылдың 18 сәуірінде жәбірленушілерден жауап алынды. Бірінші болып Шерзат Полаттың әжесі сотта жауап берді. Одан кейін марқұмның анасы Гүлбара Бишембиевадан жауап алынды. Жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов жанжалдың неден басталғанын айтып берді.   

Сондай-ақ 2025 жылдың 28 сәуірінде Шерзат Полат қайтыс болған күні сотталушылармен бірге жүрген екі әйел Эльмира Нұрбекова және Дана Жақсыгелдіден жауап алынды

Сотталушыларға қандай айып тағылған

Абзал Шынасыл Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бабы 2-бөлігі 5,9 және 14-тармағы (адам өлтіру), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 1,7 және 9-тармағында (адам өлтіруге оқталу) көрсетілген қылмысты жасады деп айыпталып отыр.

Равиль Сакиев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 7 және 9-тармағы (адам өлтіруге оқталу);

Шыңғыс Белғожаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);

Дархан Әскентай – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);

Нұрбол Тоқтаубаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);

Азамат Тоқтаубаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бабы 1-бөлігі (ұрлық);

Нұрқияс Ілиясов – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);

Дидар Қалиахмет – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);

Думан Ысқақ (2007 жылы туған) – қылмыстық кодексінің 434-бабы (қылмысты жасыру).