Банк пен қаржы

Forbes: Маск, Цукерберг, Безос бір тәулікте 12,6 млрд доллар жоғалтты

Forbes тізімін бастаған үшеудің дәулеті азайды / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Forbes тізімін бастаған үшеудің дәулеті азайды / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Әлемнің ең бай адамдарының дәулеті айтарлықтай кеміді. Forbes тізімінің басында тұрған Илон Маск, Марк Цукерберг және Джефф Безос бір тәулікте 12,6 млрд доллар жоғалтты. Қазақстанның ең бай адамы Тимур Турловтың дәулеті әжептәуір артты – 7,3 млрд доллар.

Forbes тізіміндегі өзгерістер

Әлемнің ең бай адамы Илон Маск 2,7 млрд доллар жоғалтты. Tesla, SpaceX секілді ірі компанияларға ие кәсіпкердің онлайн тізімдегі дәулеті – 420,6 млрд доллар. Масктің саясатқа араласып, президент Дональд Трамптың әкімшілігінде жұмыс істеуі оның кәсібіне кері әсер етті. Миллиардер Ақ үйдегі жұмысын азайтып, бизнеске көбірек көңіл бөлетінін айтса да, әзірге жоғалған активтердің орны толмай жатыр.

Трампты ашық қолдаған тағы бір миллиардер – Facebook қожайыны Марк Цукерберг 5,3 млрд доллар жоғалтты. Соған қарамастан, ол байлар тізіміндегі екінші орнын сақтап қалды – 222,4 млрд доллар. Себебі әлемнің үшінші бай адам Джефф Безос 4,6 млрд доллар жоғалтты. Amazon компаниясының негізін қалаған кәсіпкердің 220,5 млрд доллары бар.

Дәулеті артқандардың арасында қытай кәсіпкері Уильям Динді атауға болады. Ол бір тәулікте 4,5 млрд долларға байыды. Онлайн ойын шығарушы NetEase компаниясының басшысы 39,1 млрд доллармен Forbes тізімінде 42-орынға көтерілді.

Қазақстанның ең дәулетті кәсіпкерлері

Forbes-тің ғаламдық онлайн тізімінде Қазақстанның жеті азаматы бар. Республиканың ең бай адамы – Тимур Турлов дәулеті бір тәулікте 38 млн долларға артты. Енді Freedom Holding Corp. басшысының 7,3 млрд доллары бар. Себебі NASDAQ қор биржасында FRHC акциялары кейінгі бірнеше күнде әжептәуір көтеріліп, 170,25 доллар болды. Ал компанияның нарықтық капиталы 10,32 млрд долларға жетті.

Динара мен Тимур Құлыбаевтардың әрқайсының дәулеті бір тәулікте 40 млн долларға артты. Екеуі 5,5 млрд доллармен байлар тізімінің 673-674-орындарында тұр.

Қазақстанның ең бай жеті адамы Forbes-тің ғаламдық онлайн рейтингінде былайша орналасты:

  • Тимур Турлов – 7,3 млрд доллар (+38 млн);
  • Вячеслав Ким – 7,1 млрд доллар;
  • Владимир Ким – 5,7 млрд доллар;
  • Динара Құлыбаева – 5,5 млрд доллар (+40 млн);
  • Тимур Құлыбаев – 5,5 млрд доллар (+40 млн);
  • Болат Өтемұратов – 3,7 млрд доллар.

Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов бір жылдың ішінде бесінші орыннан тізімнің ең басына шықты. 37 жастағы кәсіпкер 14 мамырда Қазақстанның ең бай адамы атанған.