
2025 жылдың сәуірінде пойыз ішінде босанған әйелдің сәбиін лақтырып кеткені белгілі болды. Бұл жағдай Қызылорда – Астана бағытында жолаушылар тасымалдайтын пойызда болған. KursivMedia Көліктегі полиция департаментіне ресми сауал жолдап, бұл іске қатысты мән-жайды сұрады.
Алайда көліктегі полиция толыққанды ақпарат бермей, тек тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
«Бұл дерек бойынша Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімінде қажетті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды», – деп хабарлады көліктегі полиция.
Осылайша департамент әйелге қатысты қай бап бойынша іс қозғалғанын, пойыз жолсерігіне қатысты қандай да бір шара қолданылған-қолданылмағаны жөнінде ақпарат бермеді.
Айта кетейік, оқиға Қарағанды маңынан өтіп жатқан тұста болған. БАҚ-та әйелдің баланы пойыз терезесінен лақтырғаны айтылды.