Банк пен қаржы

Еуропалық одақ Ресейге қолдау көрсеткен елдердің банктеріне санкция салмақ

Еуроодақ санкция
Ресейге қолдау білдірген елдерге санкция салынды / Фото: shutterstock

Еуропалық одақ ресейлік қаржы секторына бағытталған жаңа санкциялар пакетін дайындап жатыр. Бұл туралы мәселеге қатысы бар дереккөздерге сілтеме жасаған Bloomberg хабарлайды.

Шара негізінен Ресей әскеріне қолдау көрсеткен елдердің банктеріне қарсы бағытталған. Агенттік дереккөзінің сөзінше, жаңа шектеулер арқылы ЕуроОдақ Кремльдің Украинамен бейбіт келісімге тезірек қол қоюына ықпал етпекші.

Қаржы ұйымдардың атауы әлі белгісіз, 20 мамырда жариялануы керек.

«Біз бейбітшілікті қалаймыз және Путин дайын болғанға дейін қысымды күшейте түсуіміз керек. Сол үшін біз жаңа санкциялар пакетімен жұмыс істеп жатырмыз», – деді Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен.

Оның айтуынша, Nord Stream құбырына, мұнай бағасын төмендетуге және ресейлік «көлеңкелі флот» тізімін кеңейтуге де санкция салмақшы.

Осыған дейін, 14 мамырда ЕО Ресейге қарсы 17-ші санкциялар пакетін бекіткен еді. Ол негізінен  Ресейдің көлеңкелі танкер флотына бағытталған.

Ал ақпанда Ресейдің қаржы секторына қатысты 16-шы санкциялар пакетін салған. Еуроодақ алғаш рет Ресейден тыс орналасқан, бірақ елдің Орталық банкінің SPFS жүйесін пайдаланатын банктерге транзакция жүргізуге тыйым салды. Еуропаның шектеулеріне іліккен қаржы ұйымдарының арасында қазақстандық банктер де бар болып шықты.