
Абай облысының әкімі Берік Уәли мен қытай инвесторлары 1,568 млрд доллардың меморандумына қол қойды. Бұл туралы өңір әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Облыс әкімі Берік Уәли Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялы өлкесіндегі Алтай қаласында жүр. Халықаралық «Үлкен Алтай» субөңірлік конференциясына өңір делегациясы қатысып жатыр. Оның құрамына жүзге жуық адам кіреді.
«Осында келгелі конференция аясында көптеген нәтижелі кездесулер өткіздік. Облыстың даму жоспарына сәйкес бизнес өкілдерімен өңіріміздің дамуына серпін беретін жобаларды бірлесіп атқаруға келістік. Бұл екі тарап үшін де тиімді», – деді аймақ басшысы.
Абай облысы мен Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесі арасында 250 шақырымнан астам шекара бар. Өңір стратегиялық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі бағыттарының қиылысында орналасқан.
Әкімдіктің мәліметінше, қазір Абай облысы мен Қытай арасындағы тауар айналымы – 287 млн АҚШ доллар. Оның 257 миллионы экспортқа тиесілі.
«Облыста металлургия, жеңіл, тамақ өнеркәсібі және машина жасау салаларын дамытуға мол мүмкіндік бар», – деді әкім.
Конференция нәтижесінде Қазақстан, Қытай, Ресей және Моңғолияның
сегіз өңірі субөңірлік ынтымақтастық келісіміне қол қойды. Абай облысының қала, аудан әкімдіктері, басқарма басшылары, кәсіпорын жетекшілері мен қытайлық инвесторлар арасында жалпы құны 1, 568 млрд доллардың 15 меморандумына қол қойылды.
Келісімдер Абай облысы мен Қытай арасында халықаралық логистикалық парк құру, білім беру және тұрғын үй кешендерін салу, ауыл шаруашылығы мен туризмді дамыту салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, ай басында Берік Уәли қытай инвесторларын Абай өңіріне шақырды.
2025 жылғы сәуірде түрік компаниясы Абай облысында 482 млн долларға кен комбинатын салғалы жатқаны мәлім болды.
Ал наурызда Берік Уәли президентке құны 2,2 трлн теңге тұратын жоспар туралы баяндады.