Жаңалықтар

Documentolog компаниясына қарсы тергеу не үшін басталды?

Documentolog компаниясына қарсы не үшін тергеу басталды / Фото: shutterstock, бильд редактор Ахтам Зиперов

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті «Documentolog» ЖШС-на қатысты тергеу басталғанын растады. Бұл туралы департамент басшысы Тимур Қаленовтің Kursiv.Media басылымына берген жауабында жазылған.

Documentolog-ке қарсы тергеу неге басталды?

Бәсекелес компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындардан түскен шағымдарға сүйенген агенттік Documentolog компаниясының әрекеттерінде нарыққа кіруге кедергі келтіру белгілері бар деп отыр. Бұл – Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабы, 10-тармақшасында көрсетілген заң бұзу болуы мүмкін.

Сол себепті агенттік 2025 жылғы 13 мамырда ресми түрде тергеп-тексеру жұмысын бастаған. Тергеу барысында компанияның бәсекелестік заңнамасын бұзған-бұзбағаны нақты анықталады.

Documentolog қандай заңды бұзды деген күдік бар?

Қазіргі таңда тергеу Кәсіпкерлік кодекстің 216-бабына сәйкес жүріп жатыр. Бұл бап тергеп-тексерудің — құқық бұзушылықтың бар-жоғын анықтауға бағытталған ресми процесс екенін көрсетеді. Яғни, бұл кезеңде нақты шешім шықпаған, тек фактілер мен дәлелдер жиналып жатыр.

Компания иесінің мәлімдемесі

Documentolog компаниясының негізін қалаушысы Байжан Қанафин бұл тергеуді заңсыз деп есептейді. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар отандық ІТ шешім табысқа жеткен кезде, оны қолдаудың орнына керісінше қысым жасайды. Қанафин мұны «тәуелсіз ІТ жүйеге қарсы әрекет» деп бағалайды.

Ол өз мәлімдемесінде былай дейді:

«Цифрлық құжат алмасу орталығы – біздің өзіміз жасаған, өзіміз қаржыландырған, инновациялық өнім. Біз оны нарыққа енгіздік, тегін қолжетімді еттік. Бірақ енді сол үшін бізді жауапқа тартып жатыр».


Агенттік әрекетін заңсыз деп санаған Documentolog компаниясы сотқа жүгінген. Қазіргі уақытта әкімшілік талап арыз берілген, істі сот қарап жатыр.