Жаңалықтар

МӘМС жүйесінен қаражаттың қайда жұмсалғаны туралы ақпарат ашық жарияланады

МӘМС қаражаты
МӘМС қаражаты қайда жұмсалып жатқаны туралы ақпарат ашық жарияланады / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Бұдан былай МӘМС қаражаты қайда жұмсалып жатқаны туралы ақпарат ашық жарияланады. Мәжіліс депутаттары тиісті заң жобасын мақұлдады.

Заң жобасына сәйкес, МӘМС жүйесіне мемлекет жарналарының мөлшерлемелері кезең-кезеңімен өзгертіліп отырады. Сонымен бірге Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының және денсаулық сақтау субъектілерінің қаржылық қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін депутаттар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі қаражаттың жұмсалуы туралы ақпаратты ресми интернет-ресурстарда міндетті түрде жариялауға міндеттеледі.

Қаражатты кері қайтару тетігі

Егер медициналық мекеме қызметтерді сатып алу шарты бойынша міндеттемелерді орындамаса немесе лайықты деңгейде орындамаса, олар қаражатты қайтаруы керек болады.

Сонымен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жарналарды үздіксіз төлеп келген тұлғалар жарна төлеуді тоқтатса, оларға алты айға дейін медициналық көмек көрсетіледі.

Заңсыз медициналық мекемелерді қадағалау

Депутаттар заңсыз медициналық қызметті жүзеге асырып келген мекемелер де бақылауға алынбақ.

«Заңсыз медициналық қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілерінің азаматтардың денсаулығы мен өміріне зиян келтіруін болдырмау үшін депутаттар денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға тиісті лицензия немесе сертификат болмаған жағдайда медициналық қызмет көрсету саласында анықталған бұзушылықтарға жедел ден қою шараларын қолдану мүмкіндігімен медициналық қызмет көрсету саласындағы қадағалау функциясын беріледі», – деді жобаны таныстырған депутат Асхат Аймағамбетов.

Айта кетейік жыл басында депутат Аймағамбетов МӘМС жүйесін «тесік қайыққа» теңеп, қордан қаражаттың тиімсіз жұмсалып жатқанын сынға алған болатын. Ал көп ұзамай депутаттың әріптесі Бақытжан Базарбек Әлеуметтік сақтандыру қорын халық қаражатына тоймайтын «құбыжық» деп атады.