
Қазақстанның Даму Банкі Шығыс Қазақстанның жетекші май өңдеу кәсіпорындары «Altyn Shyghys» ЖШС мен «Qazaq-Astyq Group» ЖШС-ға 23 млрд теңге бөледі. Үш тарап ортақ келісімге қол қойды.
Келісімдер Қазақстанның Даму Банкі мен Экспорттық-кредиттік агенттігі арасындағы жаңа бағдарлама аясында жүзеге асты. Бұл бағдарламаның алғашқы қатысушылары ретінде «Altyn Shyghys» пен «Qazaq-Astyq Group» кәсіпорындары таңдалды. Сәйкесінше, оларға 15 млрд теңге және 8 млрд теңге қаржы беріледі.
«Бұл қаражат отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерінен шикізатты форвардтық сатып алуға, одан кейін терең өңдеуге және дайын өнімді экспорттауға бағытталады», – деп хабарлайды келісім жасауға өз алаңын ұсынған «Бәйтерек» холдингі өкілдері.
Қазақстанның Даму Банкі – «Бәйтерек» ұлттық холдингінің еншілес ұйымы. Қаржы ұйымы елдік шикізаттық емес секторын қаржыландырып, қолдау көрсету үшін құрылған. Бірақ осы жылы ұйым жұмысын тексерген Жоғары аудиторлық палата кейбір компанияларға «бекітілген мөлшерден әлдеқайда арзан несие берген» деп сынға алды.