
Еуропалық комиссия ЕО-ға үшінші елдерден келетін құны 150 еуродан аспайтын барлық сәлемдемеге 2 еуро мөлшерінде бекітілген кедендік баж салығын енгізуді ұсынды. Agerpres.ro AFP агенттігінің хабарлауынша, бұл бастама Aliexpress, Temu және Shein сияқты онлайн-ритейлерлердің жұмысына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Қазіргі уақытта Еуроодаққа келетін ұсақ сәлемдемелердің 90%-ы дәл осы платформаларға тиесілі.
Бастама авторларының пікірінше, жаңа баж ЕО бюджетінің қосымша қаржылану көзіне айналып, сонымен қатар күн сайын миллиондаған ұсақ сәлемдемелерді өңдейтін кеден қызметтерінің жұмысын жеңілдетуге көмектеседі. Бұл сәлемдемелердің басым бөлігі Қытайдан келеді.
«Біз бұрын-соңды болмаған арзан тауарлар ағынын байқап отырмыз. Бұл тек логистикаға ауырлық түсіріп қана қоймай, сондай-ақ өнімнің қауіпсіздігі мен ЕО стандарттарына сәйкестігін бақылауды қиындатады», — деді сауда жөніндегі еурокомиссар Марош Шефчович .
Қытай платформалары қысымға ұшырауы мүмкін
Баж барлық ұсақ сәлемдемеге, олардың мазмұнына қарамастан салынады. Шенеуніктердің пікірінше, бұл онлайн-платформаларды ҚҚС төлейтін және реттеу нормаларын сақтайтын дәстүрлі ритейлерлермен тең жағдайға қояды.
«Бұл — жаңа салық емес, жүйенің шығындарын өтеуге бағытталған төлем», — деп түсіндірді Шефчович. Оның айтуынша, бұл жазалау емес, әділ ережелер орнату туралы бастама.
Temu мен Shein өнім үшін жауапты болады
Баж салығынан бөлек, ЕО Temu және Shein маркетплейстерін сатылатын тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігі үшін жауапты етуді көздейтін шараларды да қарастыруда.
«Біз ЕО нарығына ешкім жауап бермейтін тауарлардың жаппай енуіне жол бере алмаймыз. Платформалар өнімнің стандарттарға және жеткізу шарттарына сәйкестігі үшін жауапкершілік алуы тиіс», — деп мәлімдеді еурокомиссар.
Жыл сайын ЕО-ға жүздеген миллион ұсақ сәлемдемелер келіп түседі, олардың басым бөлігі Қытайдан жіберіледі. Бұл еуропалық тұтынушыларға арзан тауар сатып алуға мүмкіндік береді, алайда бұл жағдай кеден қызметтеріне қысым түсіріп, осындай салықтар мен міндеттемелерден босатылмаған еуропалық бизнестің бәсекелестік қабілетіне нұқсан келтіреді.
Еске салайық, осыған дейін Temu маркетплейсін пайдаланушылар ұжымдық талап-арыз түсірген еді. Оларды компанияның жеке деректерді заңсыз жинап, үшінші тараптарға сатқандығы алаңдатып отыр.
Еуропа жыл басында маркетплейске бақылауды күшейтетінін хабарлған болатын. Сарапшылар қауіпті немесе заңсыз тауарларды онлайн сатуы мүмкін деген күдікпен Еуроодақ ережелерін күшейтетінін мәлімдеді.