Жаңалықтар

Жамбыл облысында Айрақты кен орнынан газ қоры табылды

Жамбыл облысында Айрақты кен орнынан газ барлау жұмыстары жүріп жатыр / фото: qazaqgaz.kz
Жамбыл облысында Айрақты кен орнынан газ барлау жұмыстары жүріп жатыр / фото: qazaqgaz.kz

Жамбыл облысы аумағындағы Айрақты кен орнынан бір шақырымнан астам тереңдіктен газ қоры табылды. Бұл туралы QazaqGaz баспасөз қызметі хабарлайды.

Ұлттық газ компаняисының мәліметінше, барлау бұрғысы 1 100 метр тереңдікке дейін бұрғылап, Пермь дәуіріндегі жыныс қабатына жеткен. Кен орнындағы барлау жұмыстары Жамбыл облысында жүргізіліп жатыр.

«Бүгін біз алғаш рет Амангелді кен орнындағы Пермь дәуріне жататын жер қыртысынан газ таптық. Айрақты 01 бұрғысымен бұрғылауды аяқтадық. Оның тереңдігі 1 100 метр. Игеруді бастадық. Осы жұмыстардың бәрі аяқталған соң газ қоры қайта есептеледі», – дейді QazaqGaz басқарма төрағасының орынбасары Ұлан Бүркітов.

Компания басшылары қазірдің өзінде нәтиже жақсы екенін айтып отыр. Бұл Амангелді кен орындары тобын әрі қарай игеруге мүмкіндік береді.

Айрақты – Шу-Сарысу шөгінді алабындағы газ-конденсат кен орны. Тараз қаласынан солтүстікте 135 км жерде орналасқан. Кен орны 1971 жылы ашылған. Мұнда Пермь тұзаралық газ қабаты 830 м тереңдікте орналасқан.

2025 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда газ қымбаттайды. Астана, Алматы және Шымкентке жаңа баға белгіленді.

QazaqGaz ұлттық компаниясы 2024 жылы 30,2 млрд теңге көлемінде жалпы шығынға ұшырады. «QazaqGaz» ұлттық компаниясының жалғыз акционері – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры. Қор компанияның 100% акциясына иелік етеді.

Компания магистральдық газ құбырлары мен газ тарату желілері арқылы тауарлық газ тасымалдау, халықаралық транзитті қамтамасыз ету, ішкі және сыртқы нарықтарға газ сату, құбырлар мен газ сақтау қоймаларын жобалау, қаржыландыру, салу және пайдаланумен айналысады.

Қазақстан үкіметі ұлттық газ компаниясын  2026-2027 жылдары IPO-ға шығаруды көздеп отыр. 

Биыл QazaqGaz қатарлық инвестормен бірігіп, Қашаған кен орнындағы шикізат базасында газ өңдеу зауыттарын салуды жоспарлап отыр.