
Сауда және интеграция министрлігі маусымаралық кезеңде азық-түлік бағасы аразандап жатқанын хабарлады.
Қандай өнімдер арзандады?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылғы мамыр айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары өзгерген. Кейбір азық-түлік бағасы маусымдық кезеңге байланысты арзандаған. Кейбірі, керісінше, қымбаттаған.
Арзандаған азық-түлік қатарында қырыққабат (3,4%), жұмыртқа (0,7%), қарақұмық, макарон және күнбағыс майы (0,1-0,2%) бар.
Ал сәбіз (4,2%), картоп (2,8%), пияз (2,5%), тұз (1,6%), сүзбе (0,8%), сүт пен қант (0,3%), май, сиыр еті мен тауық еті (0,2%), ұн мен айран (0,1%) сияқты өнім түрлері қымбаттаған.
«Нан мен күріштің бағасы тұрақты болып, өзгеріссіз қалды», – деп хабарлайды министрлік.
Баға индексі
Министрліктің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 6,8%-ға өскен.
Баға шарықтап кетпеу үшін Сауда және интеграция министрлігі салалық және жергілікті органдармен бірлесе отырып, жедел шаралар қабылдауға кіріскен. Бағаны тұрақты ұстау үшін Қытай мен Пәкістаннан, Өзбекстаннан ерте пісетін көкөністер жеткізу жұмысы ұйымдастырылған.
«Қазіргі уақытта Астанада министрліктің қолдауымен «ҚТЖ Экспресс» АҚ жеткізген 50 рефрижератор контейнер картоп түсірілуде. Жалпы ішкі нарықты өніммен толықтыру мақсатында қосымша 45 мың тонна картоп, 4 мың тонна қырыққабат импортталды», – деп хабарлайды министрлік.
Ішкі нарықтағы жағдай қандай?
Ішкі нарық бойынша маусымаралық кезеңнің басталғанына орай елде өңірлерге азық-түлік тасымалдау жандана түскен. Мәселен, Түркістан облысында қырыққабат пен ерте піскен картопты жинау басталып кеткен. Картопты егін алқабынан сатып алған кездегі бағасы 280-350 теңге аралығында.
Елді толық картоппен қамтамасыз ету үшін сұранысқа сай бұл өнім түрін сырттан импорттау көзделген. Бұл мәселе бойынша Еуразиялық экономикалық комиссияның кеңесі арнайы механизм енгізіп, 2025 жылғы 30 маусымға дейін 150 мың тоннаға жуық картопты баж салығынсыз импорттауға мүмкіндік ашқан.
«Бұл шара маусымдық бағалардың көтеріліп кетпеуіне бағытталған», – делінген министрлік хабарламасында.
Бағаны тұрақтандыру үшін Үкімет тағы қандай шаралар қабылдады?
Елдегі азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін министрлік кейбір өнімдерге және мал шаруашылығы шикізатының кейбір түрлерін экспорттауға уақытша шектеулер қойған. Осы мақсатта 28 қаңтардан бастап картоп экспортына, 10 сәуірден бастап ірі және ұсақ қара малдың аналық басын экспорттауға 6 айға тыйым салынды. Ал 25 сәуірден бастап ірі қара бұқашықтарын экспорттау 3 айға шектелген еді.
Еске сала кетсек, қыста елдегі картоп бағасы қатты қымбаттап кетті. Бұл оқиғадан кейін Үкімет тұрақтандыру резервтерін алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі ай бұрын ашып, азық-түліктерді ертерек сата бастаған болатын.