Банк пен қаржы

Жақсылықтың нышаны: ғаламдық қаржы индексі қайта нығайды

Ғаламдық қаржы индексінің деңгейі әлем елдеріндегі компаниялардың жағдайын білдіреді / фото: REUTERS/Kim Kyung-Hoon
Ғаламдық қаржы индексінің деңгейі әлем елдеріндегі компаниялардың жағдайын білдіреді / фото: REUTERS/Kim Kyung-Hoon

Ғаламдық қаржы индексі – MSCI All Country World Index (ACWI) ақпаннан бері алғаш рет ең жоғары көрсеткішке жетті. Bloomberg агенттігі қор биржасындағы оң өзгерісті жақсылыққа балады.

ACWI 4 маусым, сәрсенбі күні тағы 0,2%-ға көтеріліп, 887,73 межені бағындырды. Биыл сәуірде ғана ол 740-қа дейін түсіп кеткен.

Ғаламдық қаржы индексіне әлем нарығындағы капиталдың шамамен 85–90%-ы жинақталған. Оған 23 дамыған, 24 дамушы елдердегі компаниялар кіреді. Мұнда 47 елдің 2900-дан аса ірі және орта компанияларының акциялары бар. Индексті Morgan Stanley Capital International дайындаған. MSCI дамыған және дамушы елдердегі компаниялар акцияларының өзгерісін бақылап отырады. АҚШ-тың осы индекстегі үлесі – 60%.

Bloomberg ғаламдық акцияның қайта нығаюын АҚШ президенті Дональд Трамптың баж салығына қатысты саясатын жұмсартуымен түсіндіріп отыр. Бұған қоса, индекс АҚШ еңбек нарығының жағдайы жақсы екенін де көрсетеді.

ACWI индексінде Қазақстанның компаниялары да бар. Өйткені республика экономикасы дамып келе жатқан елге жатады. Алайда ғаламдық индексте отандық компаниялар үлесі аз.