
Алматы қаласының Медеу ауданында салынып жатқан ағаш жеке үйден өрт шықты. Бұл туралы Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ.
Өрт құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жеке секторда болды. Оқиға орнына өрт сөндірушілер жедел жетіп, өртті ауыздықтау жұмыстарына кірісті. Өрт сөндіру штабы құрылып, су үздіксіз жеткізіліп жатыр.
Құтқарушылардың мәліметінше, тілсіз жауды сөндіру барысында көлемі 50 литрлік бір газ баллоны қауіпсіз жерге шығарылды. Құрылыс конструкцияларының құлау қаупіне байланысты мамандар қауіпсіздік техникасының барлық талаптарын сақтап жұмыс істеуде.
Өрттің шығу себебі өрт сөндіру аяқталғаннан кейін және тиісті сараптамалар жүргізілген соң анықталады.