
2025 жылы елдің аграрлық саласын қолдауға 700 млрд теңге жұмсалған. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
«Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында, егіс және орақ жұмыстарын жүргізуге арналған жеңілдетілген несиелеу көлемін арттыру мақсатында 2025 жылға 700 млрд теңге бөлді», – делінген баспасөз хабарламасында.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизинг арқылы рәсімдеуге 250 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат шаруалардың жылдық 5% мөлшерлемемен қолжетімді несие алуына жағдай жасаған.
Қаражат қандай арналардан берілді?
Қаражат шаруаларға жетуі үшін Үкімет арнайы жүйе қалыптастырған. Қаржы арнайы алты арна арқылы бөлініп отырған. Олар:
- «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (АНК);
- екінші деңгейлі банктер;
- микроқаржылық ұйымдар;
- өңірлік инвестициялық орталықтар;
- несиелік серіктестіктер;
- әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК).
Қаржыландыру қыста басталған
Үкіметтің мәліметінше, егіс жұмыстарын қаржыландыруға қаражат 2024 жылдың желтоқсанынан бастап бөліне бастаған. Бұл аграрлық салада алғаш болып жатқан жағдай. Аграрийларды ерте қаржыландыруды президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған.
Қыстан басталған өтінімдерді қабылдау науқаны кезінде шаруаларда 7407 өтініш түскен. Олардың жалпы сомасы 493,5 млрд теңгені құраған. Үкімет шаруалардың 6988 өтінішін мақұлдап, қаржы бөлген.
Мемлекеттік кепілдендіру
Ал кепілдік қамтамасыз ету базасы жеткіліксіз шаруашылықтар үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арнайы мемлекеттік кепілдендіру бағдарламасын іске қосқан. Бұл бағдарлама негізінде мемлекет несие сомасының 85%-на дейінгі міндеттемелерді өз мойнына алады. Бұл қаржыландыру шағын және кәсібін жаңа бастаған шаруаларға арналған.
«Аталған бағдарлама аясында жалпы сомасы 166,5 млрд теңгені құрайтын 1134 кепілдік берілді, ал жалпы несие көлемі 195,9 млрд теңгені құрады», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Айта кетсек, ауыл шаруашылығы техникасын жылдық 6%-бен беретін лизингтік бағдарламасы іске қосылған болатын. Бұл бағдарламамен 10 жылға жарнасыз лизингке техника алуға болады.