Жаңалықтар

Айлық неге кешікті: ұстаздар қыстағы жалақыны жазда алады

Ұстаздар қауымы төрт ай кешіккен жалақыны оқу аяқталғанда ала бастады / фото: ЖИ көмегімен дайындалды
Ұстаздар қауымы төрт ай кешіккен жалақыны оқу аяқталғанда ала бастады / фото: ЖИ көмегімен дайындалды

Атырау облысында мемлекет тапсырмасын орындаған жекеменшік мектептер төрт айдың ақысын маусым айында әзер алды. Кей өңірдегі ұстаздар әлі ақша күтіп жүр. Себебі биылдан бастап ұстаз ақысы бірнеше қолдан өтіп барып мұғалім қалтасына түсетін болған.

Ақпанның айлығы маусымда түсті

Бұған дейін Kursiv.Media Атырау облысындағы білім беру мекемелері 2025 жылғы ақпан айының жалақысын әлі алмағанын жазған. Өңірдегі мектептер төрт айдың айлығын енді ала бастағаны мәлім болды.

«Төрт айдың ақысын 3 маусымда толық алдық. Мәселе келесі оқу жылында қалай шешілері әзірге белгісіз», – деп жауап берді атыраулық мектептердің бірі.

Жекеменшік білім беру ұйымдарының республикалық қауымдастығын басқаратын Роза Садықованың айтуынша, өңірдегі мектептердің бәрі мемлекеттен ақы алып үлгерген жоқ.

«Атырау әкіміне, жан-жаққа хат жазып, әзер төленді. Бірақ бәріне емес. Мектептердің бірі алды, көбі алған жоқ. Алматыда да біраз білім беру мекемесі ақша ала алмай жүр», – дейді ұйым басшысы.

Ұстаздар айлығы неге кешігіп жатыр?

«Қаржы орталығының» Kursiv.Media-ға жолдаған мәліметінше, 2025 жылы 726 жекеменшік мектеп мемлекеттік білім беру тапсырысын орындау шартына қосылған. Бұған дейін де 2023, 2024 жылдардың ақысын толық алмаған мекемелер биыл тіпті қиналып қалды. Себебі 2025 жылдан бастап жеке мектептер атқарған жұмыс ақысын жергілікті бюджеттер жабуы тиіс.

Дегенмен облыс әкімдіктері қаражатты уақытылы аудармай отыр. Өйткені өңірлердің дені дотацияда отыр, яғни олар орталық қазынаға тәуелді. Мәселен, Түркістан облысы Kursiv.Media-ға осылай деп жауап берді.

«Облыс толықтай дотациялық өңір болғандықтан, қосымша шығындардың іске асырылуы тікелей республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыға тәуелді», – дейді Түркістан облысының әкімдігі.

Оқушы көп, мектеп жетіспейтін Түркістан облысында биыл 157 жеке мекеме мемлекеттен тапсырыс алған. Әкімдік мәліметінше, 2025 жылы оларға 47,7 млрд теңге төленуі тиіс.

Ұстаз ақысын кешіктірген өңірлер мен қалалар жауабы

Қаражатты білім мекемелеріне таратумен айналысатын «Қаржы орталығы» мен Алматы қаласындағы 117 жекеменшік мектеп білім тапсырысын орындау бойынша келісім-шартқа отырған.

«Жергілікті бюджетке республикалық бюджеттен трансферттер түскен күннен бастап Оқу-ағарту министрлігінің бекіткен қаржыландыру өтініміне сәйкес қаржы аударылады», – деп түсіндірді қала әкімдігі ұстаздар жалақысының кешігу себебін.

Ұстаздар қауымы таратынан көп шағым айтылатын Алматы облысы Білім басқармасының Kursiv.Media-ға берген қысқаша жауабын толық жариялауды жөн көрдік.

«Облыс бойынша жекеменшік орта білім беру ұйымдарының саны – 43. Алайда аталған ұйымдар Басқармамен келісім-шартқа отырмағаны туралы хабарлаймыз. Жекеменшік орта білім беру ұйымдар республикалық бюджеттен қаржыландыратыны туралы ескертеміз».

Бұған дейін осы облыстағы жеке мектептер тіркеуден өте алмай жүргеніне шағымданған.

Министр не дейді?

Бір қызығы, оқу-ағарту министрінің айтуынша, өңірдегі әкімдіктер жекеменшік мектептер ақысын төлеп отыруға өздері сұранған.

«Қаржыландыру республикадан жергілікті жерге көшті. Өйткені бұл жергілікті әкімдіктердің де ұсынысы«, – деп мәлімдеді екі апта бұрын Астанада өткен брифингте оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Енді республикалық бюджеттен әр оқушыға аударылған ақы облыс бюджетіне түседі. Өңір қаражатты «Қаржы орталығына» аударады. Астанадағы бұл мекеме ақшаны мектептерге таратады. Түптеп келгенде, жалақы ұстаз қолына тием дегенше талай қолдан өтеді, яғни мұғалім қалтасына кешігіп түседі. Қыстағы айлықтың жазда ғана ұстазға әзер жетуінің бір себебі осы.

Kursiv.Media көтерген мәселе

Естеріңізге сала кетейік, елдегі жүздеген жекеменшік мектеп ақпан айынан бері атқарылған қызмет ақысын алмағанын, енді олар үкіметті сотқа бере алатынын 23 сәуірде жазғанбыз.

Ертесіне, 24 сәуірде экс-министрі Асхат Аймағамбетов айлықсыз қалған ұстаздар мәселесіне назар аударған. Сол күні мұғалімдер қауымы Оқу-ағарту министрлігінің жалақыға қатысты мәлімдемесін жоққа шығарған.

Мұғалімдер мәселесі жоғары жаққа жеткеннен кейін ғана ішінара шешіле бастаған. Алайда ең бай өңірлердің өзі ұстаз ақысын ұстап отырғаны мәлім болған.